Найти тему
Qazaqstan Media

Петропавлда полиция қызметкеріне соққы жасаған астаналық бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Петропавлға қонаққа келген елордалық полиция қызметкерлеріне қол жұмсаған. Енді ол ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға ақпан айының басында түнгі екі жарымдар шамасында орын алған. М.Әуезов көшесі бойындағы «391 модуль» стационарлық бекетінде қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қимылсыз отырған адамға назар аударады. Тәртіп сақшылары оған көмек көрсету үшін жақындайды. Сол кезде оның ащы суға тойып алғандығы анықталады. Қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін полицейлер оған әкімшілік материал жинай бастайды. Сол кезде Астана қаласының 44 жасар тұрғыны наразылық білдіріп, тәртіп сақшыларына жұдырық ала жүгіреді. 

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігі «Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктіге қатысты үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Естеріңізге сала кетейік, билік өкілінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты оған қатысты күш қолдану үшін заңмен 4 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салудан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілік көзделген», – деп хабарлайды Петропавл қалалық ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.