Найти тему
Qazaqstan Media

Мектептерде бақылауды күшейту қажет

Мектептерде бейнекамералардың санын көбейтіп, бақылауды күшейту қажет. Осындай тапсырманы кеше Петропавлда болған оқыс оқиғаға қатысты пікірін білдірген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жүктеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

«Бұл – өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», – дейді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ал оқу-ағарту министрлігі, ІІМ, ТЖМ-мен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі керек. Балалар әр түрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін нақты білуі тиіс деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, кеше Петропавлдағы №4 орта мектептің 9 сынып оқушысы оқу ошағына балта мен пышақ алып кіріп, 3 оқушыны жарақаттаған болатын. Олардың екеуі қазір ауруханада жатыр.