Өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы прокуратура арқылы сотқа 72 арыз берген. Нәтижесінде жоспарланған 18 мың гектарға жуық жердің 14 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Пайдаға жаратылмай мемлекеттік қорға өткен жердің барлығы – ауыл маңындағы жерлер. Дені – жайылымдар. Бүгінгі күні Президент жүктеген маңызды жұмыспен облыстық жер инспекциясы басқармасы да айналысып жатыр. Былтыр аталған мекеме қызметкерлері 304 мың гектарды мемлекеттік қорға қайтарған. Бұл жұмыс өңірімізде биыл да жүргізіледі. Үстіміздегі жылы аққайыңдар өлкесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша 330 мың гектар мемлекетке қайтарылуы тиіс.
«1 жарым айдың ішінде министрліктің тапсырмасы аясында 3 мың гектарға жуық жерді қайтардық. Бұл – ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы басқармасының бірлескен жұмысы. Біз көбінесе сараптама жүргізумен айналысамыз. Пайдаланылмай жатқан аумақтарды анықтасақ, жер қатынастары басқармасына хабарлаймыз. Қалған шаруаны әріптестеріміз тындырады. Былтырғы статистикаға сүйенсек, орта есеппен азаматтардан 200-300 гектар жерден алынды»,- дейді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.