Күнделікті өмірімізде, әсіресе, мына қазіргі «удаленкамен» онлайн жұмыс жасау заманында «WhatsApp» таптырмайтын байланыс құралына айналды. Күні-түні «уатсаппты» қосып қойсаң, жұмыстар өзі келіп жатады, қарайсың да, жасап кері жөнелтесің, рахат. Бірақ, ара-тұра, тамыр-таныстан «халық творчестволары» да келіп жатады. Көргің келмесе де көруге мәжбүрсің. Міне, дәл қазір бір қазақ молдасының діни уағызы келіпті. Ашып қарап, тыңдап отырмын. Қазақ тілінде «өйткен екен, бүйткен екен» деп араб ғұламаларына «пи-ар» (PR) жасап, сілтеп отыр қасқаң. Мен де мұсылманмын, мен де Алланы, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ды тәу етемін, Құран мен Хадисті, қала берді 40 парыз, уәжіп, сүннет амалдарды орындаймын. Бірақ, көкем-ау, молда шырағым, сен де, мен де, қазақпыз ғой. Сонда ғұламалар тек арабтарда болып, қазақтарда болмаған ба, әлде қазақтың ғұламалары кәпір болған ба? Ежелгі заман шамшырақтары Әбу Насыр әл-Фараби, Ж.Баласағұн, өткен замандағы Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Ахмет, кешегі Етжемес ишан, С.Ғылмани, Ақжан әл-Машани және т.т. туралы айтуға болмай ма, әлде олардың бүгінгі ұрпаққа қалдырған ақыл-парасаты, аманаттары, өнегелі істері, өсиеттері болмаған ба? «Өй, әкелеріңнің аузы» деуге аузым бармайды, бірақ «осы сендер не тантып жүрсіңдер?» деп айтуыма болатын шығар. Артық айтсам, Алла Тағала өзің кешіре гөр, бірақ қазаққа дәл қазір рухани азық керек болып жатқанда, молдаларымыз неге қазақты – қазаққа үлгі тұтпайды? Қайдағы бір ешбір қазақ көрмеген-білмеген арабтарды әкеліп үлгі қылып тықпалай береді. Олар расында ғұлама шығар, бірақ қазақ қабылдамайды ғой оларды, осыны неге түсінбейсіңдер «шенеунік» молда мырзалар!