Шыңғыс Айтматовтың 1967 жылы жазылған «Қош бол, Гүлсары» деген керемет повесті бар. Мен үшін шығарманың көркемдік-идеялық мәні түсінікті. Бір күні бір танысым осы шығарманың негізінде түсірілген фильмді менімен бірге басынан-соңына дейін көріп шыққан соң «анау шал жынды ма, кәрі атты құшақтап жылағаны несі» деп фильмнің соңғы жағында «Танабайдың Гүлсарыны неге құшақтап жылағанын» түсіне алмағанын айтты. Мен не күлерімді, не жыларымды білмей: «Қасқа-ау, манадан не көріп отырдың сонда, ол шал жастық жалындаған шағының куәсі болған Гүлсарының өлуімен бірге, өзінің де дәурені өткенін түсініп жылап отыр емес пе?!» деп ұғындыруға тырыстым. Оның көзінде тағы да сұрақтар легі пайда болып келе жатқанын көріп «давай, давай, жақсы-жақсы» деп арқасынан қағып, үйден шығарып салдым. Ия, мына өмірде, шынымен де «туго» түсінетін адамдар көп екен. Әйелімде педагогикалық оқу орнын бітірген үш диплом бар. Бүгін шай үстінде әйелім: «1990-99 жылдар мен 2000-2009 жылдар аралығында туылған балалардың арасында аспан мен жердей айырмашылық бар, 2010 жылдан кейін туылған балалар сәл дұрыс ойласа да, «Waɪ-Faɪ» заманында туылғандықтан ба екен 2015 жылы туылған балалар ерекше қабілетті» деп бір қызық әңгіменің шетін шығарды. Ол қалай десем: «балабақшада қажет ақпаратты дауысын шығарып қойып қойсаң, 2-3 жасар сәбилер әлгі ақпаратты тұтас сіңіріп алады» деген таңқалысын айтты. Ия, расында, кабельдің заманы өтті, уай-файдың заманы кірді. Таяу арада, қош бол, газет-журнал, кітап, радио, теледидар дейтін шығармыз...