Осыған дейінгі жазбамда «Етжемес ешан» деп есімін айтқан Баба Шадманқожаұлы (1833-1913) қара қазаққа көп пайдасы мен жақсылығы тиген әулие кісі болған. Өз заманында аядай Ташкентте 60-қа жуық «Мен» деген ишандар болса да, патшалық ресейдің оқымысты генералы (Самарқанд губернаторы) Н.С.Лыкошин (1870-1922) өзінің «Түркістанда өткен жарты ғұмыр» кітабында тек жалғыз Ет жемес ешан туралы ғана жазбаша очерк-дерек қалдырған. Осының өзі көп жайды аңғартады. https://kozhalar.kz/tag/etzhemes-eshan Небәрі 30 жас шамасында Ташкент түбіндегі қазақтар көп қоныстанған Көкше елді мекеніндегі Шайх Зайниддин баба (1164-1269) сағанасындағы қылуетке түсіп, Алланың тылсым ілім-ғылымын меңгеру үшін 40 рет 40 күннен 1600 күн бойы (Күн күнтізбесімен 4 жыл 139 күн немесе Ай күнтізбесімен 54 туар ай 5 күн) үздіксіз мінажат жасаған. Бұл айтуға-жазуға оңай, мысалы менің 28 жыл бойы тұтқан оразамның барлық күндері небәрі 827 күн ғана болады екен. Ораза тұтқан күндерімді 1600 күнге толтыру үшін әлі маған 26 жыл уақыт қажет. 83 жыл ғұмырды Алла маған бере ме, бермей ме белгісіз?! Қазіргі Келес, Абай, Сарыағаш және т.б. қазақ ауылдарының гүлденген бау-бақшалы мекенге айналуына тікелей ықпал еткен осы Етжемес ешан болған. Қажет болған деректерді осы әулие бабамыз туралы кітап жазған Оңғар Исаев (ұялы байланыс: +7(705)554-8569) ағамыздан білуге болады.