Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

193-ші Қара пайым-сөз: Қысқа жазбасаң – артық уақыты жоқ қазақ жазғандарыңды оқымайды

Қазақ мемлекетінің және оның көптеген оқымысты ғұламаларының «Қасиетті Қазақстан – жаңа саяси-идеологиялық стратегия» деп үкілеп айдар тағып, құлаш-құлаш айғақтар келтіріп жазған жазбалары (бағдарламалары мен стратегиялары) меніңше заман талабынан 30 жылға кешігіп қалды. Бұл жайды осы стратегияны жазушылардың өздері де жақсы түсінсе керек. Бірақ тисе терекке, тимесе бұтаққа деген қағиданы ешкім өзгерткен жоқ. Қызыл тілде буын бар ма, бұрқытып жаза береміз ғой, сол баяғыша. Әйтсе де бір сәт тарихқа жүгініп көрейік. Біздің заманымыздың 732 жылы жазылған Күлтегін жазуы, 1206 жылы жазылған Шыңғысханның «Ұлы Жасақ» заңы, одан кейін жарық көрген «Қасым ханның қасқа жолы» (≈ 1500 жыл), «Есім ханның ескі жолы» (≈ 1600 жыл), «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» (≈ 1700 жыл) қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы болып табылады. Бұл заңдарда сөз қысқа да нұсқа жазылған. Отаныңа опасыздық жасадың ба – өлім жазасы, Еліңді саттың ба – өлім жазасы, Хандықтың қазынасына қол сұқтың ба – өлім жазасы, Құдайға тіл тигіздің бе – өлім жазасы және т.т. болып жалғасып кете береді. Содан болар, күні кешеге дейін қаймана қазақ – құлыптың не екенін білген жоқ. Қазіргі қазақ заңдары еуропаға еліктеп ұсақ әріптермен ұзақ жазылады. Бірақ одан пайда жоқ – артық уақыты жоқ қазақтар бұл заңдарды оқымайды, есесіне опасыздар, елін сатқандар, парақорлар, дінбұзарлар жазадан оңай құтылып кетеді.