Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

189-шы Қара пайым-сөз: Көшпенділердің әскери құпиялары және өнегелік ерекшеліктері

Бәріміздің де көкейлерімізге кей-кейде түйдектеліп қабат-қабат ойлар келіп қалады. Кәдімгідей не істеріңді білмей тыпырлап қаласың. Ақындар мен жазушылар бұл сәтті «шығармашылық» деп атап, қан сонарда аңға шыққан бүркітші сияқты сол ойларының тым болмаса тамтығын бүріп ұстап қалуға тырысады. «Ойларым менің ойларым» демекші, көбінесе мұндай ойлар жаныңда қағаз-қалам жоқ түзде жүргенде, не сытылып шығып кетуге, не бірдеме жазуға болмайтын жиналыста отырғаныңда, тіпті ыңғайсыз болса да мойындауға тура келетін, дәретханада отырғанда келеді де, сен жиналып, жазып болам дегенше бу сияқты жоғалып тарап кетеді. Өткен жылы (2019 жылғы 22 мамыр) көктемнің бір жаймашуақ күнінде осындай қым-қуат қызық ойлар қағаз-қалам ұстап отырған дайын сәтте келіп қалып, дереу ойларымды қаз-қалпында жазып үлгерген едім. Артынан бұл ойларымды «Көшпенділердің әскери құпиялары және өнегелік ерекшеліктері» (Military mysteries and moral pillars of nomads – Военные тайны и нравственные особенности кочечников) деп тақырып қойып, ағылшын тілінде мақала етіп жарияладым. Осы мақаламды әлемнің барлық классикалық университетерінің PhD докторлары мен профессорлары (81 ғұлама) оқып шықты және әлі оқып жатыр десем (жалпы саны 8172 оқырман) мақтанғаным емес. Тек өткен аптада ғана дәл осы мақаланы – АҚШ, Канада, Франция, Болгария, Украинаның ғұламалары оқығанын көріп «соншалықты не жазыппын» деп өз мақаламды өзім қайта оқып шықтым https://www.google.kz/search?q=Military+mysteries+and+moral+pillars+of+nomads. Сөйтсем қазіргі кезде ұштығын таппай жүрген ойларымды дәл ұстап жазған екенмін. Ол туралы келесі жазбамда жазайын, әйтпесе жазбам ұзақ болып кетер...