Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

188-ші Қара пайым-сөз: Глобализация – мен сені жек көремін, бірақ, қош келдіңіз «Қэzэһsтан.қэйzэт»!

Қазіргі уақытта күллі әлемді жайлап, «жас ұрпақты» мәңгүрт етіп жайпап келе жатқан «глобализацияға» https://articlekz.com/article/10880 қарсы тұруда қазақтың қаншалықты қауқары бар деген тақырыпқа көптен бері есеп шығарып жүр едім. Қым-қиғаш есептер қайда бұрсаң солай қарай сөйлей беретін қызыл тіл емес. Математика деген қырсық есек сияқты, айдаған жағыңа жүрмейді, сені үнемі нақты айғақтың (факт) алдына қарама-қарсы қойып, қасқиып қарап тұрады. Қысқасы, қазіргі уақытта «ұятмэндер» деп аталатын біз сияқты ата-бабаларымыздың салт-дәстүр, діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне жармасып, жібергісі келмейтіндердің глобализацияны жеңу мүмкіндігі небәрі 0,0000874 пайыз ғана екен. Бұл есепті нақты көзге елестету үшін 15-20 адамның күрек-қайламен Алатаудың басынан Алматыға қарай үйдей қой тастарды қаңбақша дөңгелетіп, қар-мұзы араласқан лайлы қара суды төмен ағызған селді тоқтатпақ болған әрекетін көз алдыңызға елестетіңіз. Не болмаса жерді теңселтіп төніп келе жатқан жалғыз көзді дәулердің әскерін тоқтатпақ болған Шыңғысхан бабамыздың тізесі дірілдеп, мың-мың әскеріне жан ұшыра «сапты ұстаңдар, сапты ұста, қорықпаңдар!» деп дауысы қарлыға айғайлағанын көзіммен көрдім деп есептеңіз. Белорусия патшасы Лукашенко да, Русия патшасы Путин де қазіргі уақытта тап осы Шыңғысхан бабамыз секілді көзге көрінбейтін тажалмен арпалысып жатыр. Сәл бір жаман нәрсе болса «еврейлердің ісі» деп шыға келетініміз бар. Шынын айтса еврейлер де осы глобализацияның зардабын шегіп жатқан көп елдердің біреуі. Керек десеңіз, мына шілденің шыжыған ыстығында, күллі әлемге маска кигізіп қойған да осы глобализация. Дүниежүзінде әлі адамзат баласының миы жетіп түсіне қоймаған ғаламат қоғамдық формация өзгерісі болып жатыр. Бұл да бір Құдайдың басқа салып, көрсін дегені шығар, тірі болсақ көрерміз мұның соңы немен аяқталарын...