Осы Сіздер менің жазған жазбаларымды оқып, «ооо, күшті жазады» деп таң қалып, кейбіреуіңіз мені «ертегідегідей ғажап өмір сүретін болар» деп ойлайтын сияқтысыздар. Бірақ менің өмірімде ешқандай ертегі жоқ, қатал өмір шындығы ғана бар. Әйеліміз екеуіміз түн ұйқымызды төрт бөліп, төрт айлық Мәриямымызды түнде өбектеп, жұбатып шығамыз. Күндіз ұйқы қысып тұрса да, аулада ойнап жүрген үш ұлым бір жерін ұрып алмасын, жырып алмасын (құдай бетін аулақ қылсын, ұрлап кетпесін) деп қалғып-мүлгіп күзетіп отырамын. Әйелім бұл уақытта жанталасып бөлмелердегі шашылып жатқан ойыншықтарды, киім-кешектерді жинап, тездетіп арасында тамақ жасап жатады. Бір көзім ұлдарымда, бір көзім жолда болып, жүгіріп барып күл-қоқыс жәшігіне үйден шыққан қоқыстарды тастап келіп, ұлдарымның төрт көзі түгел, аулада ойнап жүргендерін көріп, жүрегім орнына түседі. Сіздер, мынау сорлы өміріне шағынып отыр ма, әлде бізден «ойбуй, бишара-ай, көрген күнің күн емес екен ғой» деген мүсіркеу күтіп отыр ма, не жазып отыр деп түсінбей отырған шығарсыздар. Ешқандай да артық ой ойлауға мұршам жоқ. Бәріміз де мына күйкі тірліктен шаршап жүрген адамдармыз. Қанша жерден ұйқың қанбаса да, қанша жерден шаршап жүрсең де, перзенттеріңнен сықылықтап бір күлгені, бәрін де жуып-шайып жібереді. Тек осы үшін ғана мына жалған өмірге жармасып, жанталасып бәріміз де тіршілік етіп жатырмыз. Қазаққа, ұлтқа деген сүйіспеншілік, біле-білсеңіздер осы перзенттеріңізге деген сүйіспеншіктен бастау алады...