Қазақтың Ұлттық күнтізбесінің бір бөлігі ғана болып табылатын «Тоғыс есебі» күнтізбесі туралы кеше шағын жазба жазған едім. Осы жазбаға орай Кульжапбаров Кулипхан бауырымыз: «Өте қызықты пікір! Жариялауға болмас па екен? Мысалы бүгінгі күн қай жұлдызға сай келетіні. Күн айналымының, Айдың толуымен тууы қалай реттеледі?» деген пікір жазыпты. Күлеке, сіз айтып отырған нәрсені ғылымда «Айдың жиырма сегіз тұрағы» (The Twenty-Eight Mansions) деп атайды. Үнділер «Nakshatra», қытайлар «Èrshíbā Xiù, Hsiu, Xiu, Sieu», арабтар «Manazil Al-Qamar», ал қазақтар «Жұлдыз-Ай есебі» деп атаған. Бұл ғылыми терминді түсіндіру оңай емес, сөйтсе де әрекет жасап көрейін. Сары ергежейлі жұлдыз болып саналатын – Күн аспан белдеуіндегі 12-13 шоқжұлдызды 365 күнде бір рет айналып шықса, Жердің серігі – Ай бұл шоқжұлдыздарды әрбір 27-28 (орташа – 27,3) күнде бір рет айналып шығып отырады. Күн сайын түнде біз Айға қарағанда оның тасасында шоқжұлдыздар мен жеке жұлдыздар, оның сәулесінен көзге көрінбей тұрады. Айдың жүру жолындағы бұл жұлдыздар туралы мен «Қазақтың Ұлттық күнтізбесі» кітабында жазып, жуық түрде ол жұлдыздарды ата-бабаларымыздың қалай атағанын жазған болатынмын. Оның бәрін бұл қысқа жазбада түсіндіріп шығу мүмкін емес. Басқа сұрақтарыңыз болса , қойыңыздар, жауап беруге тырысайын.