Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

213-ші Қара пайым-сөз: Судың сылдырап аққан дауысы миыңның ішіндегі күл-қоқысты жақсы тазалайды

Алдыңғы үш перзентім туылғанда, таңнан-кешке дейін жұмыс жасап, олар ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп, кешке жұмыстан келгенде тағы да ұйықтап жататындықтан, тек шекелерін иіскеуді ғана қанағат тұтушы едім. Соңғы перзентім Мәриямның бақытына, ол дүниеге келмей үйге қамалғаннан, әлі сол үйде қамалып отырмын. Жаз басталғалы бері, құйтақандай қызымды таңертең ерте қоларбаға салып алып, мына үйдің жанындағы Есентай өзенінің бойында қыдырып келеміз. Қазір қызым бұл серуенге дағдыланып алғаны сонша, таң атпай оянып алып, мені көрсе жымыңдап-жыбырлап, аяқ-қолдарын ербеңдетіп, далаға шыққанша тыпыршып кетеді. Осы қол бостықтың арқасында тек қызым емес, сіздер де жазбаларымды оқып (ұнатсаңыздар әрине) мәз болып жатырсыздар. Ұзағынан сүйіндіргей. Осы Есентай өзенінің Төле би көшесі жағындағы жағалауда күнде таңертең екі қазақтың таң атпай балық аулап отырғанын көремін. Қазақ болғасын әуелде басымызды изеп амандасып, бірте-бірте әңгімеміз жарасып, ақыр соңында қарға тамырласып, ортақ таныстарымыз табылып, жақсы араласып кеттік. Анау үлкен денелі жігіт Серік деген арғын жігіт, бойы кішкенесі Сержан деген найман жігіт. Айтуларынша Алатаудың асау өзендерінде, Алматының төңірегіндегі көлдерде, одан әрі Іледе балық ауламаған жерлері қалмапты. Әрі-бері өткенде, Құдайдың балығы бәрімізге жетеді, таңертең кел, балық аулайық, әңгіме-дүкен құрайық деп шақырады. Өзім де балық аулағанды жақсы көремін. Мен үшін маңыздысы ұстаған балықтың саны емес, сылдырап аққан судың дауысы. Бейне бір миыңның ішіндегі күл-қоқысты, ескі жазба-естеліктерді өшіріп, миыңдағы бейне таспаны жаңартқан сияқты күшті әсер етеді. Иншаллаһ, бұйырса, ертең екі Секеңе қосылып, балық аулайтын шығармын. Қанша балық ұстағанымды сосын жаза жатармын.