Он сегіз жыл отасқан жарым Манаттан 2007 жылы болған жол-көлік апатының салдарынан қас пен көздің арасында айырылып қалғаннан кейін, сең соққан балықтай болып үйленбей бес жыл жүрдім. Бар қызығым да, шыжығым да ұлым Әли мен қызым Тұрсынай болды. 2012 жылы құжаттық фотоға түсу үшін үйдің жанындағы фотосалонға барған едім. Суретке түсіруші қытайдан өз еліне қоныс аударған Флора (Flower-Цветок) деген қазақтың қара торы келіншегі екен. Түскен фотомды әрі-бері қарап және екеуіміз түйдей құрдас екенімізді біліп «отағасы, мына фотоңызға фото-шоп жасамаса болмайды, тым қартайып кетіпсіз» деді. Мен басыма түскен жағдайды айтқаннан кейін, ауыр қазаға көңіл айтып, аз-кем ойланып отырып «жалпы үйлену ойыңызда болса, сізді қатырып конфет қылып фотоға түсірейін, қыз-келіншектер сізді өздері іздеп келетін болады» деп әзілдей оқыс ұсыныс жасады. Ұлым мен қызым «папа, қартайып бара жатсыз, үйленіңіз» деп айтып жүрген соң, мен де көп ойланбай келістім. Сол-ақ екен Флора ішкі бөлмеден қымбат фотоаппаратын алып шығып, қазақтың ұлттық киімдерін өзі таңдап кигізіп, фото аспабын шартылдатып, бейне әйгілі әртісті түсіргендей мені фотоға көп түсірді. Үш күннен кейін Флораға қайта барғанда «мына фотолардағы шынымен менмін бе?» деген таңданысымды жасыра алмай, тегін «рахметімді» жаудырдым. Флора құрдасым жымиып «Қалеке, Алла алдыңыздан жарылқасын, егер отбасы құрып кетсеңіз, рахметтің үлкені сол ғой» деді. Мен келісіп басымды изедім. Содан фотоларымды әлеуметтік желілерге орналастыруым мұң екен, Қазақстан жайына қалып, мен естімеген шет мемлекеттердің қыз-келіншектері «танысайық» деген ұсынысты қаптатып жібермесі бар ма. Содан обалы не керек, 2012 жылдың соңғы күндерінде Атыраудың аппақ сазандай бір бойжеткені қармағыма ілініп, ақыры екеуіміз үйленіп, тұрмыс құрдық. Шын «рахметімді» айтайын деп Флораны іздеп барсам, фото салон көшіп кетіпті. Қайда кеткендерін ешкім білмейді. Иншаллаһ, міне, арада сегіз жыл өткенде төрт перзентті болдым. Жаманды-жақсылы бала-шағамның арасында отырмын. Мүмкін фотоларымды көрсе танып, хат жазар деп сол Флора келіншек түсірген фотоларды «Facebook»-ке орналастырып қойдым. Егер алда-жалда көрісе алмасақ та, бәрібір қазақтың сол қара торы келіншегіне айтар алғысым мол. «Жақсыдан шарапат» деп атамыз қазақ осындай жағдайға байланысты айтса керек деймін.