Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

142-ші Қара пайым-сөз: Талай алыпты дүниеге әкелген бойы бір тұтам аналарымыз аман болсын

Енесін мақтаған «ещакты» бірінші рет көріп тұрмын деп кіжінбеңіздер. Бірақ менің енем Күләш бойы бір тұтам болса да, қос-қостан төрт қызды және артынан екі қызды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп, оқытып, қыздарын екі-үш дипломмен қамтамасыз етіп, құтты орындарына қондырған қадірлі ана. Адайдың қыр мұрынды адуынды қызы болса да, енем сөз қадірін түсінетін, әділетті әйел. Тура өзім сияқты «барды бар, жоқты жоқ» деп айтатындықтан, Күлекең екеуіміз жақсы сыйласамыз. Маған шекесі торсықтай үш ұл, бір қызды сыйлаған жарым Ардақ сол екінші жұпта дүниеге келген сыңардың біреуі. Екінші сыңар қыздың есімі – Арай. Бір анадан туған Зита мен Гита сияқты, кезінде Атыраудың биші қыздары болған сол екі сыңар қызды кейде өзім де ажырата алмай миым ашып қалады. Намаз оқып, иман жолына түспей тұрып-ақ сабырлы болған Ардақ кейде менің әзіл-қалжың айтқан кездерімді көтере алмай қалатын кездері болады. Бірақ мақалаларымды ағылшын тіліне аударуға көмектесеіп, шетелден келетін ағылшындармен «о, кэй»-леп сөйлесіп әжетіме жарап тұрған соң, Ардағымды перзенттерімнің анасы ретінде, жарым ретінде қатты сыйлаймын. Ал енді анау егіздің сыңары Арай балдызым әзіл-қалжыңға ағып тұр. Табан астында күлдіргі сөз ойлап табудан талай әртісті артқа тастайтын тұнып тұрған талант. «Қалеке, қалайсыз...» деп қалжыңдасқанда, ұтымды сөздеріне оңтайлы жауап сөз іздеп таба алмай тыпырлап қалған кездерім көп болды. Сол Арай балдызым жаңа келін болып түскен күні таңертең, таң атпай тұрып, үйдің жұмысына араласып жатса, ақкөңіл енесі жаны ашып «ойбуй, ұйықтай бермедің бе?» дейтін көрінеді. Сонда Арай балдызым «Келін деген атымыз бар ғой, ұйықтай бергеніміз ұят болар» деп жұмысын жалғастыра беріпті. Әуелде аңқиып қалған енесі «Аллаға шүкір, күлдіріп жүретін келін алыппыз ғой» деп мырс етіп күліп жіберіпті. Кейін перзентті болғанда, Ардақ пен Арай киімдерін ауыстырып киіп, бір-бірінің ұл-қызын емізіп отыра беретін болды. Ал енді екеуінің біреуі жоқ болса, миы ашыған қошақандар секілді, біз жақтың, ол жақтың бүлдіршіндері «менің мамам, жоқ менің мамам» деп таласып, бір-бірімен қырылысып жатады. «Жить стало лучше, жить стало веселее!» деп Сталин айтпақшы, өмір осылай зуылдап өтіп жатыр. Екі құлақ, екі көз сияқты бір-бірінен аумайтын Атыраудың осы екі қызына қарап отырып, аналары текті болған соң, қыздары да текті болады екен ғой деп ойлаймын...