Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

140-шы Қара пайым-сөз: Молданың істегенін істеме, айтқанын істе – деп халқымыз текке айтпаған

Алақай, ертең қырық күн нағашы жұртында болған төрт перзентім Атыраудан Алматыға ұшақпен ұшып келеді. Сағат санап тықыршып жүрмін, әсіресе әнебір піскен бауырсақтай «пырсылдақ» Мәриям бөпешімді қатты сағынып кеттім. Осындағы біраз жұрт, ағайын-туыс «Қалеке, денің сау ма, нәрестеңнің бейне таспасын «Facebook»-қа неге қоясың, тіл-көз тиеді» деп ұрысқан соң, сондай қылықты болса да, перзенттерімнің бейне таспаларын парақшама орналастыруды доғардым. «Халық айтса қалып айтпайды» дейді ғой. Жалпы біздер атын айтуға тыйым салған Алла Тағала жаратқан мақұлықтарды көзіміз көрмеген соң, тіл-көз, сиқыр, қара дұға, жын ұру және т.т. нәрселерге көп сене бермейміз. Бірақ Құрандағы «Жын» сүресінде Алла Тағала «расында да мұндай нәрселер бар, сақтанып жүріңдер» деп ескертеді. Ал енді «олардан қалай сақтанамыз?» деген мәселеге келер болсақ, оның жалғыз жолы – иманды түзеу. Қасиетті Құрандағы Фатиха, Аят әл-Курси, Ясин, Кафирун, Ықылас, Фаләқ, Нас сүрелерін жиі оқып жүрсек, біз сырын білмейтін – тіл-көз, сиқыр, қара дұға, жын ұру және т.т. аман боламыз. Негізінде біз көп жайларды білмейміз, халқымыз «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деп тегін айтпаған ғой. Осындай халге душар болған кезде молдалардан барып кеңес сұрау қажет және олар жөнін айтуы тиіс.