Көшпелі тұрмыс кешкенде, ата-бабаларымыз төрт түліктің терісінен түрлі ыдыстар дайындаған. Қымыз сақталатын саба жылқының терісінен жасалған. Оған ешуақытта қымыран құймаған. Қымыран (шұбат) құятын месті түйенің иілген мойын терісінен дайындаған. Оған да ешуақытта қымыз құймаған. Өте мықты болатындықтан түйенің мойын терісінен мәсіге ұлтан тіккен. Одан басқа, киіз үйдің керегесін көктейтін таспаны дайындаған. Бұл ата-бабаларымыздың ырымшылдығын емес, дүние-тіршілік, жан-жануарлар тылсымынан мол хабары болғандығын паш етеді.
Жайлаудан қыстауға, қыстаудан жайлауға көшіп-қонып жүргенде, қыш кеселер қалай қаусап қалмаған деген сұрақ туынайды. Расында да, кебежеге кесені бос салса, оның қаусап қалатыны сөзсіз. Түрлі ыдыстарды салатын аяққапты ыдыстың пішіміне келтіріп киізден дайындаған. Кеселер салатын дөңгелек пішімді қапшықты, сойылған түйінің жіліншегінен (тізеден төменгі бақай терісі) дайындаған. Ал үйге су таситын шелекті түйені сойған кезде, қос өркешін жеке-жеке бүтін күйінде сөгіп алып, содан дайындаған. Түйенің, жылқының терісінен терең құдықтан су тартатын қауға әзірлеген.