Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

133-ші Қара пайым-сөз: Ата-бабаларымыздың шөлде құдық қазу әдісі

Қызылдың құмында құдық қазып, су шығару оңай емес. Көзін таппаған адам сусыған құмда қырық жыл бойы құдық қазса да, су шығара алмайды. Ата-бабаларымыздың тұсында құдық қазудың өзіне тән тәсілі болған. Құдық қазуды кез келген жерден бастап кетпейді. Әуелі айнала төңіректі шолып, жапырағы жап-жасыл, бұтағын сындырғанда ылғалданып тұратын сексеуілдің шоқтанып өскен жерін немесе түйе жантақ жыпырлап жиі өскен жерді іздеп табады. Өйткені бұл өсімдіктердің тамырының төменгі ұшы суға тиіп жатады.

Сол төңіректен барынша сай жерді тауып, әуелі кіндік тұсқа дейін шұңқыр қазады. Одан соң айнала үйілген құм сусылдап ішке төгілмес үшін қазылған шұңқырдың жан-жағын сексеуілдің жігерімен (қалың бұтағы) шегендеп бекітеді. Бірақ, әдетте сексеуілдің арасынан бәрібір құм сусылдап ағып тұрады. Оған жол бермеу үшін алдын ала мол етіп дайындап алған құртта шаштың (тамыры тығыз өсетін шөп түрі) тамырын сексеуіл шегендерінің арасына нығыздап бекітеді. Негізінде сексеуілдің арасына киіз, жүн-жұрқа тығуға да болар еді. Бірақ, ата-бабаларымыз табиғаттың жаратылысына қолдан жасалған заттарды киліктірмей, оның өз туындысын өзіне үйлестіріп пайдаланған. Әдетте құдық қазылған сайын тереңдеп, құмшауыт қабат біткен соң, тақырға тіреледі. Тақырдан өткен соң тағы да құмшауыт басталып, ең соңында су шүпілдеп шығады.

Сексеуілмен шегенделіп, құртта шашпен тығыздалған құдықтар суы таусылғанша 20-30 жыл бойы әжетке жарайды. Ең бастысы жергілікті табиғи материалдар пайдаланылғандықтан, құдықтың суы өзінің табиғи құрамын ешбір өзгертпеген. «Экология» терминін Э.Геккель тек 1866 жылы ғана ғылымға енгізгенін ескерсек, қоршаған ортамен астасып өмір сүрген бабаларымыз 1700 жылдардың басында өздері де білместен «экология» деген жаңа ғылымның негізін қалаған деуге болады.

Сексеуіл демекші, ата-бабаларымыз сексеуілді бей-берекет пайдаланбаған. Қысты күні киіз үйді жылыту мен тамақ дайындауға жұмсалған сексеуілдердің орнына, ерте көктемде еселеп балауса сексеуіл көшеттерін отырғызып, осы бір ғажайып шөл ағашының орнын толтырып отырған. Жусанды тек қана шөп орнына пайдаланбай, одан түрлі дәрілер дайындаған. Осылайша сырт көзге сұрапыл, қатыгез болып көрінетін шөл табитаттың әрбір туындысын дұрыс пайдалана білген. Жап-жақсы тіршілік еткен. Бұл да болса бабаларымыздың шеберлігі.