Қара құлынның терісін ата-бабаларымыз қымбат бағалаған. Біріншіден, қара түсті малдың еті күн қуатын өзіне жақсы сіңіретіндіктен, дертке дауа, бойға қуат беретін нағыз жеңсік ас болған. Екіншіден қара құлынның терісін мұқият сыпырып алып, оны жақсылап илегеннен кейін, қыз-қырқын мен әйелдер қауымы үшін жалт-жұлт еткен тері тон жасаған.
Қой-ешкінің жүнін күземде күзеп алып, одан тек киіз-алаша ғана емес, ғажайып киім үлгілерін дайындаған. Жалпы киізден жасаған киімнен күн өтпейтіні белгілі. Ең қызығы қазіргідей дүкен жоқ сол бір заманда іш киімді қайдан алған? Оны да киізден дайындаған ба деген сұрақ туады. Әрине, жоқ!
Іш киім өте нәзік теріден тігілген. Ол терілер шала туылған құлынның терісінен немесе отардағы қартайған қойлардың соңғы күйегінен пайда болған қозының терісінен дайындалған. Саулық жатырының ішіндегі қошақанға әлі жүні шықпаған кезде, саулықты сойып, шала-жансар қошақанды жарып алған. Одан соң қошақанның жұмсақ терісін өте мұқият сыпырып алып, байыптап илеген. Нәтижесінде адамның жұмсақ денесіне өте жайлы жанасатын жұқа, бірақ берік былғары жарғақ пайда болған. Оны «қаракөлше» деп атаған. Қаракөлшеден тігілген іш киім біріншіден ұзақ уақыт бойы пайдаланылады, екіншіден дене мүсінін айрықша көрсетеді. Өткен ғасырдың екінші жартысында кезекті Олимпиадаға қатысқан КСРО спортшылары осы қаракөлшеден тігілген жұқа іш киімдер киіп шығады. Күн сәулесімен шағылысып, жалт-жұлт еткен іш киімдерге қызыққан шетелдіктер, көп өтпей, КСРО қоймаларында өтпей тұрған барлық қаракөлше терілерін түгін қалдырмай сатып алып кеткені туралы дерек оқыған едім.