Бірінші қасиеті: Түйе түлігі денесіне, қоңына, тұқымына қарай 200-300 кг аралығында жүк көтере алады. Әдетте жүкті оңай артып, оңай түсіру үшін «жады» деп аталған аттың ері сықылды қондырғы болған. Түйені әуелі шөгеріп, 2-3 кісі әлгі жадыны артып, пайдаланып болған соң түсіріп отырған. Осы жадыны күн суықта үйшік, күн ыстықта шалшық есебінде қолданған. Жаугершілік заманда, керуенге жау шапқанда, осы жадыларды айнала дөңгелетіп қойып, жауларына тойтарыс берген. Артып-түсіруге оңай, әрі салған жүк бүлінбейтіндіктен, күнделікті көшпелі тұрмыста көп қолданылған. Үлкен түйенің үстіне артылған жадыны айнала қом жасап, үстіне күн өтпейтін, жаңбыр суы өтпейтін шатыр орнатып, астына балаларды отырғызған. Балаларының жанына шешесі де сыйып, межелі жерге жеткенше перзенттеріне бас-көз болып барған. Міне, адами тапқырлық деп осындайды айтады!
Екінші қасиеті: Ата-бабаларымыз түйенің жүнінен күннің ыстығы, жаңбыр суы, қыстың ызғары өтпейтін тоқыма бұйымдарын жасаған. Түйе жүнінен тоқылған шекпеннің, нымшаның, кеудешенің рахатын киген адам біледі. Түйе жүнін түтіп, үлпілдетіп салған көрпенің емдік қасиеті бар екенін ерте замандарда білген. Бұл тоқымаларды қазіргі кезде де өндіруге болады. «Қалауын тапса, қар да жанады» деп атамыз қазақ тегін айтпаған.
Үшінші қасиеті: Түйенің майлы дәрумен сүтін біздің өңірде «қымыран» десе, басқа жақта «шұбат» дейді. Оған ешбір ағарған жетпейді. Түйе сүтін ашытқанда адам ағзасына өте қажет амин қышқылдары түзіледі. Осыған орай елімізде: «Қыста – қымыран, жазда – қымыз іш. Жазда еті жеңіл түйе, қыста қоңды жылқы же» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Төрт түлік бабын тауып жайсаң жақсы семіреді. Әдетте, малдың семіруі майымен бағаланады. Қой өз майын құйрығына, жылқы өз майын қабырғасына (қазы), сиыр өз майын ішіне, ал түйе жарықтық өз майын өркешіне жинайды. Түйенің қос өркешті, бір өркешті (мая, үлек) болуына қарай 50-60 кг. май бере алады. Оны қазіргі уақытта «халал» шұжықтағы (колбаса) етті біріктіру үшін шошқа майының орнына пайдаланады. Түйенің шөлге шыдамды болуының сыры да, сол өркешіндегі майда. Шөлде қалғанда, сол өркешіндегі майдың есебінен тіршілік ете береді. Суға тап болса – 150 литрге дейін суды бір деммен іше алады. Түйенің табан майы асқазан ауруларына таптырмас ем болады.