Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

126-шы Қара пайым-сөз: Алла Тағаламыз Мекке-Мединедегі «обкомға» жұмыс жасаңдар деп жазбаған

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылғалы бері 30 жыл өтсе де, діни шенеуніктер өздерінің не істеп жүргендерін әлі онша түсініп жүрген жоқ. Расында ҚМДБ бір құпия ұйым сияқты, жабық мекеме. Мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да қаражаттар миллион-миллиард болып құйылып жатса да, одан халқымызға қайтып жатқан қайырымы жоқ «аузын құр шөппен сүрткен» бірдеме жалғасып келеді. ҚМДБ ең әуелі исламның біріктіруші ұлық күшін қазақ халқын көк байрағымыздың астына біріктіретін, тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді баянды ететін жан-жүрегі «елім, жерім, халқым» деп дүрсілдеп соғып тұратын халықтық ұйым болуы керек. Әр жұмада мешітте сіздер айтатын «Шариғат» желге ұшып жатқан жай сөздер, олар халықтың жүрегіне еніп жатқан жоқ. ҚМДБ-ның ең үлкен қателігі «Алла Құранда былай деген, Мұхаммед с.ғ.с. хадисте былай деген» деп діннің де, өздерінің де қадірлерін аяқтағы шұлықтың деңгейіне түсіріп жіберуі деп айтар едім. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші сіздердің тиянағы жоқ діни уағыздарыңыз заман талабына сай келмейді. Құранның әрбір қасиетті аят-парызы, хадистің әрбір сүннеті, қазақтың тарихымен, әдебиетімен, ғылымымен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланысқан түрде уағыздалуы қажет. Тек сонда ғана сіздер дүмшеліктеріңізбен құлдыратып жіберген дініміздің қадір-қасиеті қайта тіріледі, елдің еңсесі көтеріледі. Ал сіздер әлі сол баяғы әбден жаттанды болған «Алла Құранда былай деген, Мұхаммед с.ғ.с. хадисте былай деген» деген сандырақтарыңыздан айнымайсыздар. Қазақстандағы ислам дін Мекке-Мединедегі «обкомға» есеп беру үшін формалды түрде емес, қазақ халқы үшін жанталасып жұмыс жасауы қажет...