Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

109-шы Қара пайым-сөз: Айтқанымды елім естісін десең, ел не жесе, соны жеп, елдің арасында отыр

Егер алда-жалда аға буын қазақ зиялылары мына жазбаларымды оқыса «мына антұрған қазақтың қамын жалғыз ойлап жүргендей сілтейді ғой өзі» деп бес қаруын асынып, маған соғыс ашатыны белгілі. Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, бүкіл жағдайын жасап, тойып-семіріп алған бір топ қазақ зиялылары әнебір жылдары «ойбай, қазақ халқы, оян, құндылықтарымыз құрып, аспанымыз төңкеріліп жатыр» деп әңгіме көтерген болатын. Ия, олардың расында да қазақ халқына жаны ашыған шығар, бірақ бұл әңгіменің әрі өрбімей қалғаны, олардың дауысын қазақ халқы естіген де жоқ. Елім-жұртым деп «өтірік» еңіреп, етектей-етектей мақалалар жазғаннан пайда жоқ. Себебі, аш баланың тоқ баламен ойнауға уақыты жоқ. Елім естісін десең, анау Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ел не жесе, соны жеп, елдің арасында отыр. Жанды жадыратып, жайқалған Көктөбенің басынан, түтін сасыған төменге қарап-қарап тұрып, «өй, өлмесең өмірем қапшы» деп коттеджіне қарай аяңдап кете бара жатқанды Құдай көрмей тұр ма екен. Аға буын зиялылардың ішінен Рахманқұл Бердібаев ағамызды қатты сыйлаймын. Пендешіл басқа зиялылар Астанаға қарай лап қойғанда, ол кісі бәрін тастап, туып-өскен Түркістандағы еліне кетті. Біле-білсеңіз бұл Бейбарыс бабамыздың Мысырдағы «алтын тағын» тастап, өзінің жусан аңқыған жабайы даласына жалаңбұт кеткенмен бара-бар батырлық еді...