Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

108-ші Қара пайым-сөз: Абай аспаннан жерге түскенде ғана, қазақ алға жылжиды

Қазақтың үлкен қателігі Абайды аспандатып Айдан да асырып Үркердей «жымыңдатып» іліп қойғаны. Құранды ақ шүберекке орап төрге іліп қойғанымыз секілді, Абайдың ғылымын қол тигізбей «ойбай-ау, ол Абай ғой!» деп қасиет тұтуды доғару керекпіз. Түсініп, түйсініп оқыған адам Абайдың «Қара сөздері» Ұлттық идеологиямыздың бар салмағын көтеріп тұра алатын алып бақан сияқты екенін байқамауы мүмкін емес. 19 ғасырдағы қазақ пен 21 ғасырдағы қазақтың арасында пәлендей өзгеріс жоқ. Сол баяғы жалқаулық, тоғышарлық, бірін-бірі көре алмаушылық, аяқтан шалу, текке мал шашқан ақымақтық және т.т. Құдды бар қазақтың пешенесіне мәңгілік жазып қойған ұлттық ойынымыз сияқты былдырақ-былжырақбай тірлік екі ғасыр бойы жалғасып келеді. Менің осы жазып жатқандарымның түпкі мақсаты, Абайды аспаннан жерге түсіріп, мына қаймана қазақтың арасына әкеліп қосу. Аспанда күлімсіреп, жерде ескерткіштер болып тұрғаннан, Абайдың тура жол таба алмай жүрген қазақты тура жолға салып, халқына қызмет еткені әлдеқайда артық. Қай қазақ болсын «Абайды оқимын десе ақпарат толып тұр емес пе?» деп түсінбей отырған боларсыз. Бірақ Абайды ешкім оқымайды, оның жалғыз себебі бар. Өлеңі жақсы ақынды не ғылымда озып шыққан жасты «Не Абайдан озам деп тұрсың ба?» деп басып тастайтын жаман әдетіміз бар. Абай – эталонның шыңы емес, Абай да адам, пенде болған. Егер Эйнштейн Ньютонның «Аспан механикасы» теориясынан ығып, өзінің «салыстырмалық теориясын» тәрк еткенде, ХХ ғасырда АҚШ пен Еуропа қазіргідей дамымас еді. Қазақтың дамуы үшін жастарға бүкіл жолды «Welcome to the future» (Добро пожаловать в будущее) деп айқара ашып тастау керек. Әйтпесе оң қолымызбен жастарға «оқыңдар, адам болыңдар!» деп ақжол тілеп, сол қолымызбен «отыр жайыңа, иттің баласы!» деп басып отырған жайымыз бар. Егер Абай бабамыз небәрі бір минутқа тіріліп кетсе, «Лучше гор могут быть только горы, на которых еще не бывал, ойбай-ау менің аруағымды қорламайын деп неге қарап отырсыңдар, алға ұмтылыңдар» деп өзі айтқан болар еді...