Осы қазір ғана қазақ өнертанушыларының Николай Хлудовтың «Киіз үй ішінде» және «Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері» деген екі картинасын https://egemen.kz/article/244184-akhanhdy-alanhdatqan-khludov?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com не істеу керек? деген пікірін оқып отыр едім. Бұл екі картинаны галереяға ілуге рұқсат етпейін десең, қазақшылық тұрмыс керемет бейнелеген, ілуге рұқсат етейін десең картинада еркек-әйел жартылай жалаңаш бейнеленген. Сол аралықта курстасым Қайраттың коммент жазғанын көріп оқысам, былай депті: «Екінші тынысы ашылған жүйріктей жаза түс, Қалдеке! Жалпы жазғандарыңның танымдық, тағылымдық жағы басым. Қарапайым кеңестерің көпке ұнауы тиіс. Жазғандарың еліңе қызмет етсін, сол арқылы құрметке бөлен» деп ақжол тілей отырып, соңына жымия отырып: «Тек анайы сөздерден айналып өтуді әдетке айналдыршы» деп ескерту жасапты. Мектепте де, университетте де қазақ эпостарындағы «Көтібар, көтен, сасық» және т.т. сөздерді айналып өте алмай, бір «мырс» етіп анайы сөздерді анайы түрінде айтуға мәжбүр болдық. Мәселен бір тақырыбымда «оттегіге жұтылған осырықтай» деген сөзге балама табай алмай, ойымды шашыратып алмау үшін дәл солай жазып жібердім. Енді бұл сөзді артынан «желге жұтылған жел шығарудай» деп өзгертсең, онда бүкіл мәтінді өзгертуге тура келеді. Мәтін өзгерген соң сөзден ең бастағы мән кетіп қалады. Мен бұл жазбаларды 2-3, әрі кетсе 5-7 минутта жазып тастап жатқаным, асыққандықтан емес, құйынша үйіріліп кеп жоқ болып кететін ойды ұстап қалуға тырысқандықтан асығыс жазамын. Егер ойланып-толғанып, анайы сөздерді аулақтап жазсаң, онда жазбаң барлық мәнінен айрылып қан-сөлі жоқ мақалаға айналып кетеді. Меніңше анау Н.Хлудов та осы екі картинаның эскизін салғанда, дәл мен сияқты күйде болған-ау деп шамалаймын. Жалпы мына өмірде «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жол табу қиын, міндетті түрде екеуінің біреуін құрбандыққа шалуға тура келеді...
102-ші Қара пайым-сөз: Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын – жол жоқ, тек біреуін ғана таңдауың керек...
4 августа 20204 авг 2020
1 мин