Осы жазбаларымда «Қазақтың Ұлттық күнтізбесі» және «Тоғыс есебі» деп айтқан едім. Оқырманым Shinar Daurenbekova: «Тоғыс есебін» мен түсінбей отырмын, түсіндіріп берші, өтініш» – деп хат жолдапты. «Тоғыс есебін» төтелеп қысқаша түсіндіріп беру өте қиын. Сөйтсе де көрейін. Әр ай сайын түнгі аспанда әр фазасындағы Ай табағы Үркер жұлдыз шоғырын басып өтіп отырады. Бұл астрономиялық құбылысты қазақша «тоғысу», орысша «покрытие», ағылшынша «Coverings (occultation) of the Urker (Pleiades) by the Moon» деп атайды. Мысалы 2020-2021 жылғы «Тоғыс есебінің» нақты кестесі мынадай:
1 тоғыс – 27 күн (сенбі, 25 көкек 2020 жылы басталды);
25 тоғыс – 28 күн (жұма, 22 мамыр 2020 жылы басталды);
23 тоғыс – 27 күн (жұма, 19 маусым 2020 жылы басталды);
21 тоғыс – 27 күн (бейсенбі, 16 шілде 2020 жылы басталды);
19 тоғыс – 27 күн (сәрсенбі, 12 тамыз 2020 жылы басталады);
17 тоғыс – 27 күн (сейсенбі, 8 қыркүйек 2020 жылы басталады);
15 тоғыс – 28 күн (дүйсенбі, 5 қазан 2020 жылы басталады);
13 тоғыс – 27 күн (дүйсенбі, 2 қараша 2020 жылы басталады);
11 тоғыс – 28 күн (жексенбі, 29 қараша 2020 жылы басталады);
9 тоғыс – 27 күн (жексенбі, 27 желтоқсан 2020 жылы басталады);
7 тоғыс – 27 күн (сенбі, 23 қаңтар 2021 жылы басталады);
5 тоғыс – 28 күн (жұма, 19 ақпан 2021 жылы басталады);
3 тоғыс – 27 күн (жұма, 19 наурыз 2021 жылы басталады).
Яғни, 9 күннен кейін болатын Ай мен Үркердің «тоғысуын» немесе 19 тоғыс айының басталуын шығыс көкжиектен көруге болады. Шамамен, 18-20 тамыз күндері ауа райы күрт бұзылады, мұны қазақ «Ай мен Қамбардың тоғысы» деп атайды. Тоғыс есебінің математикалық теориясы қазақтың «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамапты» деген нақыл сөзінде сақталған: 28 күн × 39 жұлдыз айы = 1092 күн ÷ 40 тоғыс айы = 27,3 күн. 41-ші айда бұл есеп бұзылып кететіндіктен, Тоғыс есебін тек 40 айға шақтап жүргізіп отырады.