Екінші таралуы ма, әлде бірінші таралуының әлі жалғасы ма, ешбір түсіне алмай қойған мына «Тәжі-дерт» індеті әбден болдым-толдым деп қаймағы тасып лепірген елдердің өзін сасқан үйрек сияқты «артымен сүңгітіп» жатыр. Президенттер мен премьер-министрлер не індетпен күресерін, не кенеттен көшеге лап қойып, шатақ шығарып жатқан тұрғандарымен (АҚШ, Израйль, Болгария, Белорусия, Ресей т.т.) күресерін білмей бастары қатуда. Біздің қазақ үкіметі қашан да қалғып-мүлгіп, ұйқысы қанбай жүреді емес пе, кенет кеше оянып кетіп – Алматы мен Нұрсұлтанда «үлке-е-е-н-н» екі инфекциялық аурухана ғимаратын салу керек деп шешті. Бұл екі жобаға ғаламат қаражат бөлінбекші. Мен әрине дәлелдей алмаймын, бірақ ішім сезеді. Күллі ғаламды шуылдатқан бұл індет уақыты келгенде оттегіге жұтылған осырық сияқты кенеттен жоқ болады. Сіз бен біз әрине бұған қуанармыз, бірақ бұл құрғыр індет, ең жаман сценарийдегі індеттің құрбандарынан ондаған есе көп болуы мүмкін билік пен халықтың арасына «сына» қағып жатыр. Оның салдары қан судай ағатын сұмдық болуы мүмкін. Қазақ үкіметіне қазір аурухана салу емес, жылдамдатып халықтың жағдайын жасап, қалаған нәрсесін қыңқ етпей орындап, аузын алғаны дұрыс еді. Айтпағымды түсіндірейін: әр нәрсенің шегі болады, мысалы бір шәугімге өлсеңіз де екі шәугім суды сыйдыра алмайсыз. Тек қазақ елінде емес, күллі әлемде биліктің халыққа өтірік айтуы шырқау шегіне жетті. Яғни, бұдан әрі билік бұрынғыдай алдап-сулап басқара алмайтын, ал халық мөлиіп бұрынғыдай бағынышты өмір сүре алмайтын дәрежеге жетті. Яғни, 100 жыл бұрын коммунистер көксеген әлемдік пролетариаттың бұғау-шынжырды үзу жолындағы күресі басталып жатқан сияқты болып көрінеді. Ең сұмдығы бұл күресті ешкім ұйымдастырып жатқан жоқ (басшысы жоқ тобырмен келіссөз жүргізу мүмкін емес), әлем халқы бұл дәрежеге өз санасымен жетіп отыр. Алдағы жүз жыл індетпен емес, осы алаулаған азамат соғыстарымен алысумен өтпесе не қылсын деп қалтырап отырған жайым бар...
99-шы Қара пайым-сөз: Бұл індет оттегіге жұтылған осырықтай жоқ болады, ал зардабы 100 жыл қалады
3 августа 20203 авг 2020
1 мин