Табыл Досымның әуел баста «Ұнатады шыңда көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды, Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды» (https://mus.nur.kz/101130-tabildi-dosimov-biiktik) деп баяу басталып, әрі қарай тентек дауылдай қар боратып үдейтін керемет әні бар. Сол әнді қазір тыңдап отырып, төмендегі ойлар келді. 1985 жылы КазГУ-ге студент болып қабылданғанда, орыс ағайындар құтырынып-басынудың әбден шегіне жеткен еді. Тіпті сыбырлап қазақша сөйлегеніңді естісе, жаман сасық орыстың өзі: «Эй, чурка, ты что не русский что-ли, чë на своем пиз..ш» деп күн көрсетпейтін. Ақыры қазақ 1986 жылы жарылды, одан қан жоса болып жеңілді. Журфак ол кезде республикадағы жалғыз идеологиялық факультет болатын. Біздерді КПСС-тің (коммунистердің) сойылын соғу үшін оқытып-даярлайтын. Бірақ сөз басқа, іс басқа екенін соқыр болмағандықтан көріп жүргендіктен, мұндай қорлаудан әбден қанымыз басымызға теуіп, бір күні алып Адай – Табыл, Жұмабай үшеуіміз орыстармен Горький паркінің алдында қызыл ала қан болып төбелескен едік. Бірақ оңбай жеңілдік. Сонда быт-шыт болған ернімдегі қанды жалап отырып: «Әкеңнің аузын ұрайын орыстар, оқуды бітірген соң Алматыда қалып, бала-шағамды қайтсем де Алматылық етіп, қалада қазақтың санын көбейтуге үлес қосамын» деп серт берген едім. Он жылдан аса уақытта 20 шақты пәтер жалдаған «қаланың көшпендісі» болып тентіресем де, айтқанымды жасадым. Қазір сол ұлым мен қызым өсіп, өз отбасыларын құрды. Екеуі де тауды жақсы көреді. Жаздың шыжыған шілдесінде тауға шығып, қар басып келмесе, көңілдері көншімейді. Ұлым кейде: «Папа, жүріңізші, тауға бірге алып шығайын, ол жақта күшті, керемет» деп жалынып, жалпаяды. Мен «тауға шықсам құлағым бітіп, қан қысымым көтеріледі» деп бармай қаламын. Бірақ ақкөңіл аңқылдақ ұлым әкесінің тек даланы көріп өскен, тағы қазақтың баласы екенін әлі ұға алмай жүр. Ұлым мен қызым тауды көріп өскен еркін ұрпақтың өкілдері. Коммунистік қысымды көріп-сезіп өскен біз сияқты динозаврлар мен мамонттар өлген соң, осы еркін ұрпақтар қазақты ұшпаққа шығарып, бақытты етеді деп үміттенемін...
96-шы Қара пайым-сөз: Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен...
3 августа 20203 авг 2020
1 мин