Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

94-ші Қара пайым-сөз: Махаббат деген «асыл сөз» тұрпайы техникалық терминге айналып кетті

Маған достық жіберген жап-жас өрімдей қазақ қыздарына таң қалған едім. Сөйтсем, бір бүлдіршін қыз: «Көке, біздерге де бір ақыл-кеңесіңізді айтып отырсаңызшы, мысалы, махаббат тақырыбына» деп хат жіберіпті. Сол-ақ екен есіме Бахтажар Мекішев деген бір оқытушымыз түсе кетті. Ол кісі КазГУ-да да, ЖенПи-де қатар сабақ беріп жүретін. Сол кісі ЖенПИ-дің қыздарын шұбыртып артынан ертіп алып, біздің журфактың аудиториясына не жатақханасына келетін. Сондағы ниеті қазақтың ұл-қыздарын бір-бірімен таныстыру еді. Ұялмаңдар, танысыңдар, Алла нәсіп қылып тіл табысып кетсеңдер, артынан үйленесіңдер – дегенде ЖенПИ-дің қыздары да, біздер де беттеріміз қызарып төмен қараушы едік. Қазір ойлап отырсам, біздер сол кездері «Махаббатты шын мәнінде шынайы сезім» деп түсінетін буынның соңғы өкілдері болған екенбіз. Біздің журфактың қылжақбас жігіттерінің «өзіміздің қыздарға бай табылмай жүргенде, ЖенПИ-дің қыздарын қайтеміз» деп әзілдегенін есітіп Бахтажар ағамыз ауырып қалыпты деп есітіп едім. Артынан өмірімізге нарықтық экономика баса-көктеп кіріп, шетелдік сериалдардың ықпалымен бұрын аты айтылмайтын «секс» деген сөзді қазақтың бойжеткендері «махаббатпен айналысайық» (to make love – заниматься любовью) деп тікелей мағынасында айтатынын естігенде, «Қош бол, Қыз Жібек» деп күбірлеген едім. Қазіргі кезде «махаббат» деген асыл ұғымда титтей де «сезім» жоқ, тұрпайы техникалық терминге айналып кеткені соншалық, байқасаңыз тойдағы тілектерде де «баянды махаббат» деген сөз жиі айтыла бермейтін болды. Ал енді не дейін бүлдіршін қыздарым, ақ пен қараны ажырату қиын тиетін заманда өмір сүріп жатырсыңдар. Бірақ «махаббат» жоқ екен деп тұрмысқа шығудан не үйленуден қашпаңдар, егер жарасып кетсеңдер, шын махаббат келе-келе екі жұптың арасында міндетті түрде оянады. Менде қазір әкелік махаббат қана бар. Атырауға нағашыларына қыдырып келуге жіберген төрт балапанымды құшағыма қысып, құшырланып иіскейтін күнімді күн, сағат санап өткізіп жүрмін. Әсіресе анау «пырс, пырс» еткен тәтті тоқаштай Мәриямымды қатты сағынып кеттім...