Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

91-ші Қара пайым-сөз: Қажыған қазақ «қазақшылықты» аңсағалы қанша заман өтті десейші

Еуропаға еліктеп, бәрін де официозға айналдырып, протокол мен этикеттің шеңберінен шықпай, өтірік жылмиып күліп, бататын ұйыққа әбден батып біттік. Қазір биліктің бетін ұстарамен тіліп жіберсең де қан шықпайды, себебі олардың тамырларындағы қан қатып-семіп, баяғыда тоқтап қалған. Шіркін-ай, баяғы замандардағыдай, қазақтың ақшаңқан киіз үйін көк жасыл жайлауға тігіп қойып, қымыз-қымыранды сапырып, қазы-қарта, жал-жаяны «сен іш, мен іш, сен же, мен же» деп бір-бірімізге шын ықыласпен сыйластық танытып, құс жастықты шынтақтап жатып, қазақтың игі жақсылары «қазақтың қордаланып қалған» ішкі саясаты мен мыңғырған мәселесін қазақшылықпен шешсе ғой деп кейде армандаймын. Еуропаның этикетін сақтаймын деп қарын шұрылдап ашығып, «әнәңның аузы» деп ашуға булығып тұрғанда, мәселе қайбір дұрыс шешіледі дейсің. Осы жерде: «Әу, Қалеке, мәселелеріңді осылай шешуге сендерге кім кедергі келтіріп тұр» деген ішкі дауысымды естідім. Шынында бізге не болған өзі, ата-бабаңның қалған салттың аузынан теп деп кім айтты осы бізге. Неге сол баяғы қазақшылыққа қайта келмейміз, ит арқасы қияндағы еуропаға еліктеп өлетін болдық қой тіпті...