Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

88-ші Қара пайым-сөз: Дәнігіп-құныққандар қарғыс арқалап жүр, тұқымдары тұздай құриды...

Осы қазір ғана (02.08.2020) ғаламторда «Заместитель министра здравоохранения Казахстана Олжас Абишев задержан по подозрению в хищении бюджетных средств»: https://iz.ru/1042924/2020-08-02/zamministra-zdravookhraneniia-kazakhstana-zaderzhali-za-khishchenie?utm_source=yxnews&utm_medium=desktop деген суыт хабар тарады. Қарап тұрсаң көркіне көз тоятын, маңдайы жарқырап, көзі күлімдеген қазақтың қасқа-жайсаң жігіті. «Біреулеріңіз сауап болды» деп айызыңыз қанып отырған да шығар. Бірақ бұл ұлтымыз үшін трагедия. Өткен жылы 5-ақпанда Астананың маңында Альбина (12 жас), Алина (11 жас), Элина (6 жас), Сабина (3 жас) және Бахыт (1 жас) атты бес ағайынды қыздың тірідей жанып кеткендерін әрине қазір ұмытып қалдық. Ал мен ұмыта алар емеспін, себебі сол түні таң алдында қоңырсыған иістен оянып кетіп, ас бөлмені тексеріп, ұйықтай алмай қалған едім. Дәл сол кезде бесеуі түтінге тұншығып, шаштары, қолдары, аяқтары жана бастаған кез екен. Не болғанын таңертең бір-ақ естідім. Олар аспанға жай ұшып кеткен жоқ, күндіз-түні біздерді, мына Олжас Абишев сияқты парақорларды жеті атасына дейін қарғап кетті. Қазақ «дәніккеннен-құныққан жаман» дейді. Ей, жас мемлекеттік қызметші, саған айтамын, әлі қолың былғанбаған болса, жетім-жесір, жоқ-жітіктің ақшасына, параға саусағыңды тигізбе. Қарғыс арқалайсың, тозақта шірисің, тұқымың тұздай құриды, сол саған керек пе? Бұл жай сөз емес, ескерттім, қалғанын өзің шеш...