Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

85-ші Қара пайым-сөз: «Тіл – Түркістанға сүйреп апарады» дегенге әрине сенбейсіз

Әкем Әлісейіт марқұм адам миына кірмейтін түстер көріп, ертесіне «япырмай бұл не түс болды» деп таң қалып айтып отыратын. Кейін келе-келе сол түстері расқа айналып кететін. Мен де қызық-қызық түстер көремін, бірақ «қой құрысын расқа айналып кетер» деп түстерімді ешкімге айтпаймын. Біреулер анау болашақты болжаған Мишель Нострадамус (Michelle Nostradamus), Эдгар Кейси (Edgar Cayce), Вольф Мессинг (Wolf Messing), Ванга (Wang, Vangelia) және қазақтың көріпкелдері қандай бақытты жандар, есімдері тарихта мәңгілікке қалды деп ойлайды. Сіздерге құпиялап айтайын, басқалар көрмегенді көру-сезіну әлемдегі ең үлкен бақытсыздық. Шырылдайсың, жанталасасың, ескерткің келеді, бірақ бәрі бекер. Айналып келгенде, зардабын да, зорлығын да, қорлығын да тек өзің тартасың. Соны біле тұра құдіреті күшті Алла Тағала кейбір адамдарға қабілет беріп не үшін сорлатып қояды, соны әлі түсіне алмай келемін. Өткендегі бір жазбамда «Мен Сіздерді шынымен де жақсы көремін» деп жаздым ғой деймін, ия, мен қазағымды жақсы көремін. Ал қазағым болса адам жоламауы тиіс, көрсең болды, қашуың тиіс нәрселерді жақсы көреді. Барлық мәселе осы жерге келгенде түйін болып, шиеленісіп қатып қалады. Әлемнің болашақты болжаушы алыптарының бәрі де осы түйінді шеше алмай, өмірден бақытсыз болып өтті. Ал сіз оларды бақытты деп өзеурейсіз. Көрер едім сізге де сондай қасиет қонса, қаншалықты бақытты болғаныңызды...