Айналайын, Риза, ризамын ғой саған. Кандидаттық, докторлық қорғаймын деп ғылым майданында жүріп, өздерінде идеясы жоқ ғалымдардың, өз еңбектеріне көп «жиендік» жасағанынан көргеннен соң, маған жаны ашып: «Қалдархан, ананы өйтпе, мынаны бүйтпе, біреулер артынан сенің жазғандарыңды өз еңбегі қылып көрсетеді» деп ескертулер жасап жатыр. Ризашым-ау, ол қасқалар ұрласа ұрлай берсін дүниелерімді, бірақ сөзден-сөз туады, әлгі «жиеншіл» (ғылымда – плагиат) ғалымнан дүйім жұрт «мынауың дұрыс идея екен, ал енді ананы қайтеміз, мынаны қайтеміз» деп сұрай бастағанда, ол байғұс аузымен ауа қармаған қармаққа түскен балықтай болмайды ма? Біреудің идеясын ұрлау оңай болғанмен, оны тарқатып айтып беруді сол идеяның нағыз авторы ғана біледі емес пе? Жанашыр достық ескертпелеріңе рақмет, бірақ төбемізде Құдай тұр төніп, ақ-қараны одан жақсы ажырататын ешкім жоқ екеніне баяғыда көзім жеткен. Мен бұл өмірде тек сол Құдайға ғана сенемін, тек содан ғана медет-жәрдем күтемін...