Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

68-ші Қара пайым-сөз: Адамның өмірі ұзақ сапарға шыққан жолаушының бастан кешкен оқиғалары сияқты

Біз туылған кезде бәріміз де дүниенің рахатын көріп, ләззатын тату үшін келдік деп ойлаймыз. Бірақ осы жерден бастап «Алла» деп айтсаң, «араб-құл» деп ақырып-бақырып шыға келетін бауырларымның қитығына тиетін әңгімелер басталады. Сол себепті, солармен бірге, жүрегі мен жүйкесі тозып шаршағандар да әрі қарай оқымай-ақ қойыңыздар. Әрі қарай ойлана алатындардың ғана оқуына кеңес беремін. Сонымен сізге туылғаныңыз туралы куәлік жазылып жатқанда, көз жетпейтін жоғарыдағы «Лауһулмахфуз» деген жерде үстелдің бетіне аппақ қағаз қойылып, қара сиямен сіздің аты-жөніңіз жазыла бастайды. Ғұмыр бойы бір елдің аумағынан аттап шықпасаңыз да, туылған сәтіңізден бастап сіздің «Ахирет» деп аталатын елге ұзақ сапарыңыз басталады. Әдетте уақыт өткен сайын әлгі аппақ парақтар сұрланып, одан сарғайып, артынан қоңырланып, қарасы көбейген парақтардың сыртынан қара киізбен мұқаба қапталады. Әйтеуір бір күні сізге арналған «қара киіз» кітап «гүрс» етіп жабылғанда, сіздің шыбын жаныңыз да «шиқ» етіп, шырағыңыз өшеді. Қайын жұртым болатын батыс жоқта бұл сәтті «Уақыты болды (келді, жетті)» деп айтады екен. Қалай деп айтылса да, ағайын-туыстарыңыздың біреуі шын жылап, біреуі өтірік жылап, зиратқа апарып жерлеген соң, сізді келе-келе бәрі де ұмытып, жайларына кетеді. «Мына пәни жалғанда көзіңіз көрмегендіктен, қолыңызбен ұстап, тіліңізбен дәмін сезбегендіктен сене алмаған тірліктеріңіз расқа айналып, жұрт зираттан тарқамай жатып, екінші мәңгілік дүниеңіз басталып кетеді. Бұл жерде сіз өтіп кеткен жалған өмірдегідей пендешілік тіршілікпен айналыса алмайсыз, ол жерде тек осы өмірде жасаған жақсылықтарыңыз бен жамандықтарыңызды ғана ас қылып іше аласыз» деген жерге келгенде, «мәс, саған, мен де молдалар сияқты, барып көріп келгендей сілтеп отырмын ғой» деген ой келді. Бірақ негізі, мына дүние жалған, ахирет мәңгілік деген сөз рас. Әрбір қазақ сәт сайын, сағат сайын ахиреттігін ойлап тіршілігін жасаса, мына өмірдің зұлымдығы, жамандығы азайып, жақсылығы көбейетіні де рас. Ахиреттігін ойлау дегеніміз – бұл дүниеде ақ пен қараны көзіңіз қалай айырса, жүрегіңіз бен санаңыз жақсылық пен жамандықты, арам мен адалды, өлу мен тірілуді дәл солай айырып, тіршілік ету деген сөз. Тек осы кезде ғана қазақтың өмірі «о, кэй» болады...