Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

67-ші Қара пайым-сөз: Дүние тарының қауызына сиярдай боп тарылды, енді тек жарылуы қалды...

Күнделікті күйбең тірлік бізге ойлануға мұрша бермейді. Мың жыл бұрын да, қазірде де солай және бұл жалғаса береді. Оның шет-шегі, көкжиегі ешқашан көрінбейді. Бірақ ел болып біріккен елдің бір сәт ертеңін ойланып-толғанатын кезі болады. Кешегі өткен, бүгінгі болған, ертеңгі болатын жайлар дәл осы мезгілдің кезі туғанын көрсетіп тұр. Қазақ елі құрып кетудің құрдымына тақағанда Түркістандағы Күлтөбенің басына жиналып, ырду-дырду болған ел бәтуаға келіп, біздің құртпақ болған қалмақ-жоңғардың өзін тарихтан атын өшіріп тастады. Одан соң қайтадан күйбең-күйкі тірлік басталып, қожырап жайына кетті. Алыс-беріс, аласапыран заманда билікке келген Кеңес Үкіметі қазақты алжастырып, Құдайдың орнын Карлмен (Маркс), Пайғамбардың орнын Ленинмен, Періштелердің орнын Сталин, Хрущев т.б. «қыртымбайлармен» алмастырып, бізді жынды қылып жайларына кетті. Бүгін соның бәрі де елес, қорқынышты түс сияқты. Бірақ ол заман болды және бүгінгі ата-аға ұрпақтың санасында «теміреткідей» орны қалып қалды. Ал енді жас буын ұрпақ келді, бұларға тіпті обал. Жөн айтатын, дұрыс жол сілтейтін ешкім жоқ. Билік сол баяғы Кеңес үкіметінің кезіндегідей ұрандатудан басқа ешнәрсе ойлап таба алмады. Үміт еткен дінбасылар «Құранда осылай деп жазған, Алла былай деген, Пайғамбар былай деген» деп даурықпа дағуаттарымен елді бездіріп жіберді. Бізге не жетпей жатыр? Бізге жүректен шыққан, санаға қонымды, бәрін бір сәтте қамтыған ата-бабаларымыздан қалған даналық жетпей жатыр. Оның орны ойсырап тұр. Аузына жұртты қарататын дуалы ауыз Жиренше шешендер, қара қылды қақ жарған Төле билер туылмай, олардың орнына АҚШ асып келген «көк қағазға» құлдық ұрған құлшыкештер туылып жатыр. Қазақтың барлық арқалы аруақтары «ұрпақтарым-ау құрудың алдында тұрсыңдар ғой» деп еңіреп, Қазықұрт, Қаратауды тастап, Алатаудың басында отыр азынап-жасынап. Оны естіп жүрген ешкім жоқ, бәріміз сол баяғы күнделікті күйбең тірліктен бас көтере алмай лағып жүрміз. Бірақ бұл қашанға дейін созылмақ, мәселе сонда болып тұр?!