Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

62-ші Қара пайым-сөз: Нұржан қарындасым, Сіздің 5000 досыңыз бар екен, сол себепті сізді дос қыла алмаймын...

Жо-жоқ, Нұржан әріптесім (түріңізді шырамытып тұрмын), мені дұрыс түсініңіз. Маған бір қазақтың әрісі не, берісі не, менің Сізді дос қылуға ешбір қарсылығым жоқ. Сізді дос қылайын деп түймені бассам, мына «Facebook» әкімшілігі: «Нұржанның 5000 досы бар, оның лимиті біткен, сол себепті сізге дос бола алмайды» деген қысқа хабарлама жіберіп жатыр. Шын дос болғыңыз келсе, онда бір досыңызды тізіміңізден алып тастауға тура келеді. Ойпырым-ай, мұндай-да болады екен-ау десек те, бұл жағдай мынадай бір оқиғаны еске салып отыр. Бір еврейдің әңгімесі: «Бұл оқиға 1940 жылы Польшада болыпты. Немістер тұтас еврей отбасын концлагерге жіберу үшін қамауға алады. Сонда еврей әке неміс офицеріне бар жиған алтын-күмісін беріп, жылап тұрып: «мені концлагерге жіберсең жібер, бірақ перзенттерімді құтқаруға көмектес» дейді. Сонда неміс офицері: «Жақсы, мен көмектесейін. Егер көп перзентіңнің ішінен бір перзентіңді ғана таңдай алсаң, онда мен сені сол перзентіңмен бірге бостандыққа жіберемін» дейді. Басында мәселенің байыбын түсіне қоймаған еврей әке дереу перзенттерін көзімен шола бастайды. Перзенттері ауызбен айтпаса да, жалынышты көзбен әкелеріне қарап: «әке, мені таңда, жоқ, әке, мені таңда» деп жамырай қарап тұрғанын көргенде, әлгі еврей шарасыздықтан көзіне жас толып, еңіреп жылап, жерге тізерлеп отыра кетіпті». Әке-ана үшін перзенттерінің бәрі бірдей алтын, біреуін-біреуінен артық көре алмайды. Осы нәрселерді жазып отырғанда: «Қалдархан сен кімді таңдар едің деген ой туып, көз алдымнан ұлдарым Әли, Әбілқайыр, Әбубәкір, Омар, үлкен қызым Тұрсын мен кенже тәтті қызым Мәриямның келбеттері жеке-жеке болып зуылдап өтіп жатты». Тұла бойым шымырлап, жүрегім сығылып «әй, Қалдархан денің сау ма, не ойлап отырсың?» деген ішкі дауысымнан «селк» ете қалдым. Құдай мұндай жағдайды қазақтың басына салмасын, ылайым әрмен қылсын деп бір Алладан тілей жөнелдім. «Facebook»-тың достарды 5000-нан асырмайтын бұл ережесі де әлгі неміс офицерінің құйтұрқылығынан кем түспейтін қаталдық. Қалайша бір досты таңдау үшін миыңыздан екінші бір досыңызды сызып тастай аласыз?! «Facebook»-тағы достар, бей-берекет достарды тіркей бермеңіздер, оказывается, тасжүрек «Facebook» оған тосқауыл қойып тастаған екен, біліп жүріңіз...