«Уа, айналайын, қазағым, елім-жерім, кейбір істеріңе кейде ренжіп, кейде көңілім қалып жатса да, мен бәрібір Сіздерді өз ата-анамдай, өз перзенттерімдей жақсы көремін. Кең байтақ шексіз даламның жусанындай, сәбидің жөргегенідей аңқыған қышқылтым қазақы иістеріңізді иіскегім келіп самал желге мұрнымды тосамын, ойша Сіздерді құшағыма қысамын. Кейде себепті-себепсіз Сіздерге ренжіп, кейде ауыр, тіпті қатты сөйлеп қойған кезімде, көзімде қатулық тұрған сияқты болып көрінсе де, ішім жас сәби ойнаған сыбызғыдай уілдеп, қатайған көңілімді қайта жұмсартамын. Себебі мен Сіздерсіз тұл бейшара жетіммін, әлем үлкен болса да, мені Сіздердей түсінетін, сүрінсем сүйейтін, күйінсем күйінетін, тілімді Сіздердей түсінетін басқа елім де, ешкімім де жоқ. Мен де жалғызбын – елім де жалғыз, мына жалған дүниеде, екі жалғыз егіз боп бірге жаратылғанбыз. Мен оны жан жүрегіммен түсінемін, сондықтан да мен Сіздерді шынымен де жақсы көремін. Сіздердің арқаңызда ғана «мен қазақпын» деп кеуде қаға аламын, сол үшін де жат елде жүрсем, жүрегім сыздап Сіздерді шынымен де сағынамын. Сіздер туралы жаман түс көрсем, жастығым жасқа шыланып жылап оянамын. Сіздер үшін малымды да, жанымды да беремін, қасық қаным Сіздер үшін садақа, себебі мен Сіздерді шынымен де жақсы көремін. Уа, айналайын, қазағым, елім-жерім, қандай сәби сияқты момақан, жуас, сұрағаныңды ойланбай жүрегінен суырып бере салатын мейірімді, дүниесі дарқан ел едің, сол себепті де мен Сіздерді шынымен де жақсы көремін. Жаным шырылдап, әр намазымнан соң Сіздер үшін Алладан дұға тілеп сұранып отырамын, өзім емес, елім-жерім, қазағым аман болсын, фитнасы жоқ иманды, несібесі зор ел болсын» – деп Қалдархан деген бір қазақ таң атпай көзіне жас алып толғанып отыр екен дейді...
59-шы Қара пайым-сөз: Мен Сіздерді шынымен де жақсы көремін...
30 июля 202030 июл 2020
2
1 мин