Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

60-шы Қара пайым-сөз: Орыстар мен шетелдіктер қазақша түсінетін болып кеткен бе өзі, немене деп жүрсем...

Қым-қуат жұмыстан сәл қолым босағасын, осы «Facebook»-қа жазбалар жаза бастап едім, «дос болайық» деп қазақтар ұсыныс жібере бастады. Ол түсінікті, өйткені қанымыз бен жанымыз бір қазақпыз ғой. Бірақ соңғы кезде орыс ағайындар, тіпті Франция, Филиппин, Нидерландия, Уганда, Ботсвана деген Африка елдері және т.б. жақтарда тұратын шетелдіктер де «дос болайық» деген ұсыныстар жасай бастады. Мен қасқа таң қалсам да, ешкімнің көңілін қалдырмауға үйреніп қалған жаман әдетіммен, дос болсақ болайық деп рұқсаттар беріп жүрсем де, «бұл шетелдіктерге айдаладағы бір қазақтың қажеті қанша?» деп таң қалып жүрген едім. Сөйтсем оның сыры да енді-енді ашыла бастады. Әлгі шетелдіктердің бәрі аңдып отырып, мен желіге шыққанда дереу хат жазып: «осылай да осылай, менің тығып қойған, мұраға қалған пәлен жүз мың евром не долларым бар еді, давай соны бірге бөлісейік» деген тақырыпта хат жазатын болды. «Шырттай болып аппақ киініп алып, оның үстіне жымиып тұрған фотомды іліп қойғанға, мені ақкөңіл аңқылдақ және бай бизнесмен» деп ойлап қалған әлгі байғұстарды аяймын да. Оларға «маған Сіздердің ақшаларыңыз керек емес, өздеріңізге бұйырсын, енді хат жазбаңыз» десем де, олар ұяттарын шұлықтарының ішіне жасырып қойған ба білмеймін, «тым болмаса 10-20 евро-доллар берші» деп өзеуреп қоймайды. Әрине көмектескің келеді ғой, бірақ «жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, өзімде жоқ болса, оларға немді берейін. Құранда «қайыр-садақа бере алмайтын болсаң, тым болмаса жылы сөйле» деп ескерткендіктен, әлгілерге жылы сөйлеймін деп көп уақытымды жоғалттым. Алла кешірсін, қазір ондай хабарламаларға мән бермейтін болдым. Ондай хаттар Сіздерге де келіп тұра ма ағайын, әлде тек маған ғана келе ме?