Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

53-ші Қара пайым-сөз: «Әләулайым таусылса, бәләулайым тағы бар» демекші...

Мына жаман індеттің карантині болмағанда, бұл жазып жатқан жазбаларымның бірін де жазбай, сол жұмыспен басым қатып, лағып, қалғып-мүлгіп жүре берер едім. Енді міне, жазғандарымды халық оқып, «дос болуға» ондап-жүздеп сұранып, пікір жазып жатқандарын көрген соң, ұйықтап жатқан «шығармашылық шабытым» оянып кетті. Енді ол мені қайта ұйықтатқызбайды ма деп қорқып отырмын. Карантин бітіп қалып, жұмысқа шығып кетсем де, жалпы жазатын нәрселерімнің жуық арада таусылмасы анық. Мен үшін жазатын «тақырып» тапшы емес. Жай, әншейін, балконға шығып, жан-жағымдағы дөңгеленген дүниеге байыптап бір қарағанда-ақ, жазатын тақырыбым «сап» етіп, миымның ішіне «ой-пікір» болып кіріп кетеді. Одан қалса, сонау студент кездерімнен бастап (Кеңес Үкіметі уақытынан) жалғасып келе жатқан жазбаларым, шықпай қалған кітаптарымдағы үзік-үздік жазбаларым жетерлік. Сол себепті, бір жағы сіздерге жаным ашып та отыр «ойбуй, осының бәрін оқып, қазақтың қаны тасып, миы ашып кететін болды ғой» деп...