Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

155-ші Қара пайым-сөз: Қазақтың Кеңес Үкіметінен қалған әпербақан бір жаман әдеті бар

Өткенде Алматыдағы орталық дәріханада әлеуметтік ара-қашықтықты сақтап, кезекте тұрсақ, соңғы жағымызда тұрған қазақ ағайындар «артымнан итеріп жатса қайтемін енді» деп ентелеп, дәрі-дәрмек жетпей қалатындай алға ұмтыла берді. Басқа ұлт өкілдері әлгі қазақтарды жақтырмай, қабақтарын тыжырып біраз шыдады да, бір кезде «ада-да-далап» шаңқылдап айқайға басты дейсің. Мен ара түскем жоқ «горбатого могила исправит» деп мырс-мырс күліп тұра бердім. Басқа да қазақтардан қолдау көрмеген соң, әлгі қазақтар «зып» етіп жоқ болды. Кеңес Үкіметі өмір сүрген барлық уақытта «өшіреттен» көз ашпадық. 1992 жылы бірінші әйелім марқұм Манат тұңғыш қызыма екіқабат еді. Бір күні азық-түлік іздеп «Көк базар» жаққа барсақ, жұрт қырылып апельсиннің өшіретінде тұр екен. Біз де тұрдық. Бірақ бізге апельсин жетпейтінін көріп, токсикозы жанына батып жүрген әйелім: «Қалдар, мына жұртқа жағдайды айтып, тым болмаса бір апельсин әперші» деп өтініш қылды. Мен жұртқа әйелім екі қабат екенін, токсикоз екенін айтып, тым болмаса бір апельсин алайыншы деп айтуға намысым жібермеді. Жұрт онсыз да әйелімнің жүкті екенін көріп тұр ғой, жаны ашыр деген дәмем де бар еді. Бірақ көздерін ашқарақтық жайлаған жұрт көрсе де көрмеген болып тұра берді. Мен әйелімді жұбатып «Алла бұйыртса алармыз, бұйыртпаса алмаспыз» деп өшіретімді бұзбай тұра бердім. Пысықтар дереу сол жерден «тамыр-таныс» тауып, өшіретті басып озып, әлгі апельсинді килолап алып кетіп жатты. Құдіреті күшті Алла ақыры сол апельсинді бізгі бұйыртпады. Сондағы әйелімнің жұрттың қолындағы апельсинге қызығып жылағаны әлі құлағымнан кетпейді. Қазір жайма базарларды жайнап тұрған апельсиндерді көргенде сол оқиға есіме түсіп, аза бойым қаза болады. Қысқасы сол өшіреттерге етіміз үйреніп кеткені соншалық, кейде ойлайтынмын, егер алдымызда ажал күтіп тұрса, қазекең «артымнан итеріп жатса қайтемін» деп ажалға да өшіретсіз бірінші болып баруға тырысар ма екен қайтер екен деп...