Мына «Тәжі-дертке»* байланысты туындап келе жатқан әлемдік кешенді мәселелердің масштабын күнделікті күйкі тірлікпен жүріп байқамағандықтан, қазақтың ұйқысы тыныш, түнде қор-қор етіп, тыр-тыр қасынып жақсы ұйықтап шықты. Жер шары дөңгелек болған соң Күн сәулесі барлық елдерге бірдей түспейді. Жердің өз кіндігінен айналуына қарай, әдетте батыстан шығысқа қарай таң шапағы тіміскіленіп жоғары өрлей береді. Мысалы, қазір Алматыда сенбі, 08.08.2020 жылғы таңғы 09 сағат 22 минут болса (UTC+6 EKST), Бразилияда түнгі 00 сағат 22 минут, Лондонда таңғы 04 сағат 22 минут, Токиода түскі 12 сағат 22 минут, Тонго королдігінде түс ауған шақтағы 16 сағат 22 минут, Вашингтонда түнгі 23 сағат 22 минут болды және т.т. Бірақ соған қарамастан дәл осы мезгілде әлемнің әр түкпірлерінде елін, халқын, мемлекетінің болашағын ойлаған президенттер, премьер-министрлер, жай министрлер, сенаторлар т.т. не түнде, не күндіз тыныш ұйықтай алмай, мазасы қашып, дөңбекшіп, балкондарында құшырланып темекі-сигарларын тартып, вискилерін, ромдарын ұрттап қойып, не істеу керектігін ойланып отыр. Қандай мықты, қандай бай мемлекет болса да, миллиондаған халқына айлап-жылдап жәрдемақы төлеп отыруды қалтасы көтере алмайды. Биыл көктемде болса да дұрыстап егін егілмеді, мал дұрыстап қаралмады, алдымызда қылышын сүйретіп қыс, одан да қауіпті болуы мүмкін «Тәжі-дерттің»* әлде екінші, әлде үшінші толқыны келе жатыр. Халқымды қалай сақтап қаламын, халқыма қалай тамақ тауып беремін және т.т. деген мәселе бірінші орынға шықты. Осыдан бір жыл бұрын сол мемлекет басшылары алақандарын «ысқылап», өйтемін де бүйтемін, қарқ боламын деп жоспар құрған болатын. Бірақ сол кезде олардың ешқайсысы да «Иншаллаһ» («Алла қаласа», «если Бог пожелает», «if God wills») деп айтқан жоқ. Енді міне Алланың олардың жоспарының жүзеге асуын қаламағаны белгілі болды. Ата-бабаларымыз «Алланың құдіреті күшті» дегенде, осындай жайларды меңзеп айтса керек...
* Короновирус-COVID-19 сияқты аты жаман ауруларды қазақ «құтырып кетеді» деп атын атауға тыйым (ғылыми тілде – «табу») салғасын, оны «Тәжі-дерт» деп жазып жүрмін.