Мынау күйкі тірліктің қарбалысқан сәттерінен, біздер бір дұрыстап ойлана алмай жүрміз. Жай халық, «бүгінгі күнді өйтіп-бүйтіп өткіздім, ертеңгі күнім не болар екен» деп тыныш ұйықтай алмайды. Көкейін тиын-тебен тесіп өлтіріп жібере жаздайды. Содан түсінде бір шамадан толы доллар тауып алған далбаса түстер көріп шығады. Ал енді елге, жерге, халыққа бас-көз болып, жәрдемдесуі тиіс шенеуніктерге келейік. Қит етсе оларға да тиісе берудің де көп жөні жоқ. Себебі оларға жай халық, сіз бен біз, жүздеп-мыңдап керемет, ғаламат сияқты болып елестеген далбаса «идеяларын» хаттар арқылы, құйтырқы-қыртыма сөздермен толтырып тоғытып жіберіп жатыр. Біреу жаза салған жәй әншейін «сандырақ» хат екенін көріп тұрса да, шенеунік байғұс оған сонша алтын уақытын жоғалтып жауап жазуға мәжбүр. Себебі мемлекет оны қадағалап отыр және жауап бермесе жазаға тартады. Нәтижесінде бәріміздің басымызда батпандай қайғы, қайда барып жан сауғалауды білмей, бір-бірімізді шайнап жатқан жайымыз бар. Қазіргі кезде індетке қарсы жарияланған карантин – Алланың біздерге мың жылда бір рет беретін мүмкіндігі деп біліңіз. Ақыры асығатын жұмыс жоқ, үйде жатырсыз. Қатып-семіп қалған миыңызға массаж жасап, қаны қоюланған жүрегіңізді уқалап жан беріп, ойпырым-ай, осы біз не істеп жүрміз, қайда бара жатырмыз? – деп ойланыңыз. Бұл тірлік осылай «тоқшылық болып» мәңгілік тұра бермейді. Біз столды ұрып «мен банкеттің осылай жалғаса беруін талап етемін» десек те, ертең бәрі де адам ойламаған сұмдықпен бір сәтте өзгеріп, астаң-кестең болып кетуі мүмкін. Сол кезде, мың жылда бір болған карантинде жақсылап ойланғаныңыздың, жоспар құрғаныңыздың арқасында, сұрапыл жағдайда, аспай-саспай әрекет етіп, қиын кезде дұрыс жол тауып кетуіңіз мүмкін. Бұл дүниеде бәрі де мүмкін, ойлан қазақ, не істеп жүрміз, не істемекпіз, қалай қарап жүрсек «Жерұйыққа» тап боламыз...
32-ші Қара пайым-сөз: О, айналайын қазақтар, қалай қарап жүрсек «Жерұйыққа» тап боламыз...
25 июля 202025 июл 2020
1 мин