Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

31-ші Қара пайым-сөз: Дұшпаныңды өзіңнің ойын тәртібіңмен ойнауға мәжбүрлегенде ғана жеңіске жетесің...

Иншаллаһ, кеше түнгі 3-тер шамасында АҚШ-тың «Аcademia.edu» деген веб-сайтына ағылшынша жазып жүрген мақалаларымның түйіні ретінде «Еуропа ғылымының жүз жылдық адасуы» деген тақырыпта мақаламды жазып бітірдім. Бірақ бүгін ойланып, қой құрысын, байғұстарға тым обал болып кетер деп, оларды аяп «Күнтізбе ғылымындағы жүз жылдық адасу» деп тақырыбын өзгерттім, бірақ мақала мазмұны бәрібір жоғарыдағы тақырыпқа саяды. Сіз ойларсыз, өлетін бала молаға қарай қашады, «ей, мынау нақұрыс па, бәрі Алладай табынып отырған Еуропа ғылымына қалай-қалай «сен» деп сөйлейді» деп. Міне, екі жыл болды, өзіміздің, қазақтың көшпенді мәдениетін ұлықтап, жоғарыдағы веб-сайтқа шамамен 70-тен аса мақала жаздым. Дүние жүзінің барлық азулы классикалық университеттерінің неше бір ғұламалары (олардың саны 7 мыңға жетіп қалды) ол мақалаларымды оқып шықты, әлі де оқып жатыр. Бірақ тым болмаса солардың біреуі «әй, Қалдархан сен қателесіп отырсың, мынау сөйлеміңді мәтіннен алып таста» деп уәж де, қарсылық та айтқан жоқ. Қайта керісінше олардың көбісі бір-бірінен жасырынып «Қалдархан жаза түс, жазғандарыңда мән-мағына бар» деп қолтығымнан сүйеп, дем беріп отыр. Осыдан кейін мен делебем қозып, құтырынып, еуропа ғылымын ол жағынан да, бұл жағынан да соққылап жатырмын, ал олар «ыңқ-ыңқ» етіп ауыр тисе де үндемейді. Бірақ мен де ақымақ емеспін. Олар алда-жалда мені белдесуге кілемге шақырса, тырп еткізбей енектерінен ұстап отырған жерім бар. Олардың ең әлсіз жерлері, ауыздарынан қағынып, әспенсіп, ғұлама болып басқаларға ақыл айтқан ғылымдары мен жазулары. Мен олардың өз зерттегендері мен ой түйіндерін өздеріне қарсы қойып отырмын. Олар маған не істей алады, ол жазбаларды өздері өз қолдарымен жазған. Біздің қазақ, жалпы әлемнің бұратана бейшара ғалымдарының үлкен қателігі, олар еуропалықтар жасап берген амал-әдіспен «жаңалық» ашқысы келіп босқа әуре болуы. Осы «жаңалық шығар» деп бұл бұратана бейшаралар өз теориясын жарияласа, еуропалықтар қонышынан одан да зор теорияны сумаң еткізіп алып шығып, мысын басып тастайды. Содан қазақ та басқа ғалымдар сүтке тиген мысықтай болып, еуропа ғылымын мойындауға мәжбүр болады. Жаңалық ашу үшін әуелі өз амал-әдісіңді жасап, сайлап алып, еуропалықтарды сенің амал-әдісіңмен әрекет етуге, соған жауап беруге мәжбүр ету керек. Сонда ғана олар сенімен санасуға мәжбүр болады. Бірақ бұл іс кез-келген қазақ ғалымының қолынан келеді деп айта алмаймын, себебі олардың санасы тарылып, тауы шағылып, әбден бейшара болып қалған. Мен аяймын оларды, бірақ оларға көмектесе алмаймын. Себебін жоғарыда айттым...