Күліпхан бауырым, «мына Қалдархан көкем маған қатты айтып жіберді ғой» деп, кәмпитке өкпелеген бала сияқты бұртима. Қазақтың ескі ертегілері мен аңыздарын оқып отырсаң «дұшпаннан жеңіліп, мысы құрыған қазақ халқын» құрдымнан алып шыққан аңыздағы алыптар (Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр, Ер Төстік, Жалаңтөс батыр т.б.) мен дана ғұламалар (Арыстан бап, Баба Шашты Түкті Әзіз, Қожа Ахмет Яссауи, Төле Би, Қазыбек би, Әйтеке би, Асан Қайғы, Бәйдібек баба, Қарабура т.б.) туралы оқымауың не естімеуің мүмкін емес. Мен өткен жылы қара күзде мына Ташкенттің түбіндегі Абай-Келес жерінде (Ишан базар деп аталады) өмір сүрген Етжемес Ишан деген кісінің өміп тарихын зерттеп, соншалықты үлкен әсер алған соң, бұл мақаламды ағылшын тіліне аударып, АҚШ-тың «Аcademia.edu» деген веб-сайтына «Етжемес Ешанның ұлы құпиялары» (The Great Secrets of Etzhemes Eshan: https://www.academia.edu/41031161/The_Great_Secrets_of_Etzhemes_Eshan) деген тақырыппен орналастырып жүктеп қойдым. Ол мақаланы негізінен түркиялықтар, арабтар, европалықтар оқып жатыр, бірақ бір қазақ әлі оқыған жоқ. Етжемес Ешанның көп қасиеттерінің біреуі «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған» Түркістан өңірінің генерал-губернаторы Константин Петрович фон Кауфманды (1818-1882) ешкім емдей алмаған дертінен емдеп, сүндетке отырғызып, мұсылман қылған және әр жұма сайын тар мешітке жиналған «сасық қазақтармен» бірге жұма намазын оқып тұруға мәжбүр еткен. Содан бастап Кауфман көшпенділерге (ол кезде өзбек-қазақ деп бөліп айтылмаған) ешбір зиян келтірмеген. Диқаншыларға арық су қазып беріп, мешіт салып беріп, бейбіт ғұмыр кешкен. Етжемес ешанның арқасында «қойдай момын қазақтың басына бозторғай жұмыртқалаған» заман болған. Ол кісінің адам миына сыймайтын басқа ғажайыптары көп, ол соның бәріне ислам дінін ұтымды қолдана білудің арқасында қол жеткізіп отырған. Ол кісіден басқа, қазақтың кең даласының әр түкпірінде «әулие» деп атап кеткен тақуа діндарлар көп болған. Тарихшылар баяғыда құрып, тарихтан өшіп кетуі тиіс қазақ ұлтын сақтап қалған «кездейсоқ сәтті жағдайлар» деп сандырақтайды (мысалы, қазақтың 1991 жылы ешбір қантөгіссіз тәуелсіздік алуы). Бірақ ақиқатында қазақты сақтап келе жатқан Компартия Хатшылары мен Елбасылардың данагөйлігі емес, аруаққа айналған сол діндарлардың қасиеті деп түсінемін. Бұл менің жеке пікірім. Енді мәселе былай. Қазір микроскоппен қарасаң да, соңғы 30 жыл ішінде қазақтың арасынан халық мойындаған, елге-жұртқа пайдасы тиген шын әулие (сары әулие т.б. есепке алмағанда) шығуы керек еді, бірақ шыққан жоқ. Неге қазақ арасынан әулиелер шықпай жатыр? Оның себебі мынау. Сонау Түркия-Стамбул, Мысырдағы Аль-Азхар т.б. атақты дін оқуларын тауысып, Құран жазылған араб тілін қазақ тіліндей меңгерген қазақ жастары, Құранды жатқа айтатын Қарилер қазір ондап-жүздеп саналады. Олардың бәріне түгел топырақ шашпаймын, бірақ сол иманды жастарымыздың көбісі тек құлқынын, баюды ғана ойлайтын – бизнесмендерге айналып кетті. Олардың араларында ислам мен иман жолындағы емес, баю жолындағы бақталастық өршіп тұр. Қайсысын түртіп қалсаң да, сұлу машинасын, зәулім үй-жайын көрсетіп мақтана жөнеледі. Қазақтың қасиетті аруақтары бұл молдалардың бәрінен көңілі қалды. Себебі исламда дін мен байлық бір деңгейде қарастырылмайды. Егер сен ел үшін жер үшін басыңды бәйгеге тіксең, онда байлыққа саусақ арасынан ағып кететін су сияқты қарауың керек. Жазбағымның түйіні мынау: қазір қазақтың арасынан осы параметрге сәйкес келетін біреуді көрсетіңізші?!
30-шы Қара пайым-сөз: Соңғы отыз жылда неге қазақ арасынан Әулие шыққан жоқ?
2 минуты
25 июля 2020