Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

29-шы Қара пайым-сөз: Инкубаторлық ислам діні түбінде елімізге қауіп төндіреді...

Күліпхан бауырым, мемлекетіміз діннің ісіне араласып, өрескел қателік жасап отырғанын сіз түсініп отырсыз, ал олар түсініп отырған жоқ. Олар осы әрекетімізбен біз «терроризмді уысымызда ұстап отырмыз» деп ойлайды. Мысалы, экономика саласында мемлекет жеке бизнестің тірлігіне араласса, апат болады. Бұл нарықтық экономиканың №1 бұлжымас заңы. Сол сияқты мемлекет діннің ісіне араласқан кезден бастап, халықтың рухы да, ұнжарғасы да түсіп кетті. Мемлекеттің нанын жегесін, тек мемлекеттің ғана сойылын соғатын дүмше молдалар көбейіп кетті. Бұл молдалар инкубатордан шыққан тауықтар секілді, тауық етін молынан беріп, жұмыртқаны өкіртіп туа алады, бірақ артына ұрпақ қалдыра алмайды. Себебі, олар жасанды жолмен дүниеге келген тауықтыр. Осы молдаларға ренжіген сіз сияқты наразы қазақтар соңғы уақытта көптеп пайда бола бастады. Бұл сырттан келетін жау – терроризмнен қауіпті. Оларды (террористерді) бет-пошымына қарап тануға болады, ал сіз іштен шығып отырған жаусыз, сіз сияқты наразы жандарды микроскоппен қарасаң да таба алмайсыз. Жарайды мұның бәрі жай нәрселер. Мемлекеттің қазіргі дінге қатысты ұстанып отырған саясатының қазақ ұлты үшін ең қауіпті жері бар. «Басқалар айтпағанды мен айтайын» демекші, мемлекет дін ісіне араласқан күннен бастап, «табиғи ислам діні» инкубаторлық жасанды дінге айналып, сонау 1991 жылғы табиғи тамырынан айырылды. Мұның мемлекет, ұлт үшін қауіпті ғаламат жері бар. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, ертең мына солтүстігіміздегі әзірге дос болып отырған «Аю» немесе шығысымыздағы «Айдаһар» ақырып елімізге соғыс ашып, фашистік германия сияқты ескертестен елімізге лап қойса, қазақтар жеңілістен-жеңіліске ұшырап, қазақ тарихындағы ең соңғы «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламаға» куә боламыз. Жеңілуіміздің басты себебі, қазақта анау сауатсыз болса да адуын ауғандар сияқты – рух болмайды. Соғыста қару емес – солдаттардың рухы жеңеді. Оны әскерде болып, қолына не пулемет, не автомат ұстамаған, шашылған қан-жын көрмеген шенеуніктер білмейді. Олар осы қазіргі ас та төк «банкет» мәңгілік жалғаса береді деп ойлайды. Егер жоғарыдағыдай жай орын алса, бұл қателігімізден сабақ алатын ұрпақ болмайды. Себебі алып Аю мен Айдаһар қазақты не ең соңғы сәбиіне дейін қырып салады, не күрек-азу тісі жоқ «кішкентай жуас, момақан» кіп-кішкентай «өзге тілде шүлдірлеген» аю-чиктер мен айдаһар-чиктерге айналдырып жібереді. Бірақ, Күліпхан бауырым, біздің сорлылығымыз сол, сені мен мені тыңдайтын құлақ жоқ, олар бітеліп қалған, ол құлақтар тек доллардың шытырлаған дыбысын ғана ести алады. Сол себепті, бауырым, ешқандай жазығы жоқ Алла мен Пайғамбарға (с.ғ.с.) және ислам дініне тиісе берме. Бұл үш ұғым киелі, киесі ұрса, тұғыры жоқ Тәңір дінімен бірге келмеске кетесің...