Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

28-ші Қара пайым-сөз: «Мұсылман» болудан ешбір зиян көргенім жоқ...

Күліпхан бауырым, мені құлаш-құлаш мақала жазатын қазақтың әйгілі діни-саяси идеологы сияқты «Facebook»-тағы парағыма үндеу хат жазыпсың. Менің Сізге жүрегім елжіреп те отыр, себебі басқалар ашып көре алмаған жүрегіңізде ұлтымызға, қазаққа деген шексіз мейірімділікті көріп тұрмын. Бірақ сіз мені ғұламаға теңеп «ашығын айтыңыз» деп қателесіп отырсыз. Мен сорлы Сіз сияқты өз күнін өзі әзер көріп жүрген көп қазақтың біреуімін. Бірақ сіздің-менің кедейшілігіміз ұлтымыздың болашағы туралы ойлауға кедергі болмауы тиіс. Ия, мен осы бейшара қалпыма қарамай, Алланың шапанының етегінен мықтап жармасып ұстап алғанның біреуімін. Неге, не жақсылығы үшін? 1991 жылы «ИМАН» атты еліміздегі тұңғыш газеттің бас редакторы болдым. Газетімді ешкім алмайды деп ойласам да, сол кезде «Союзпечать» деген мекеме болатын, ақша төлеп, соның каталогына енгіздірдім. Бір ай өтпей, сол мекеменің бастығы Лесин деген еврей «маған тез келіңіз» деп хабарласты. Не боп қалды деп барсам, әлгі еврейдің көзі банкідей болып бақырайып кетіпті. Ол амандық-саулық жоқ «Ей, қазақ, сен не газет шығарып жатырсың?» деп дүрсе қоя берді. Бұл газет ислам діні туралы жазады дедім. Ол не дін деп сұрады. Тек «Мусульманская религия» дегеннен кейін ғана түсініп, маған отыр деді. Отырдым. Ол алдыма бүкіл республика бойынша 1 айлық сводканы жайып салды. Сөйтсем экономикалық қиыншылыққа байланысты еліміздің барлық «азулы» газеттеріне жазылу құлдырап «0»-ге кетіп, әлі бір нөмірі де шықпаған беймәлім «ИМАН» газетіне жазылу 200 процентке бір-ақ көтеріліпті. «Ей, қазақ, сен түсінесің бе, сенің газетіңе 1 айда 20 000 адам жазылды. Құттықтаймын!» деп қолымды қысты. Сол кезеде қуаныштан көзіме ыстық жас келді және бір нәрсені жақсылап түсіндім. Біз қазақ халқын «топас, нәкәс, тобыр, надан» деп ғайбаттасақ та, халық тұтас, ортақ жаны бар ғаламат организм. Ол өзіне не керектігін сіз бен бізден жақсы біледі. Сонау 1991 жылы халықтың Ислам дініне жаппай бас салғанын өз көзіммен көргеннен кейін, мен осы Ислам дінінің етегінен ұстадым. Өйткені біз қателессек те, халық қателеспейді, ол өлетін жерін біледі... Керемет боп шалқып миллионер бай болып немесе үлкен мемлекеттік лауазым иесі болып кетпесем де, «әй, өлген жерім осы шығар» (мысалы, көлік апаты кезінде) деп ойлаған кездерімде, денемде титтей қан болмай аман қалған кездерім болды. Жалпы «мұсылман» болудан ешбір зиян көргенім жоқ. Ал енді елімізде Ислам дінінің басында отырғандарға келер болсақ, ол басқа әңгіме...

(Кульжапбаров Кулипхан: Рахметтт! Мен жеке өз басым Тәңірге сенушімін. Аллаға қарсы не істей алуым мүмкін??? Әрине ешқандай әсерім тимейтінін білем. Алайда ... Тәңірдің барлық түсінігін ластап, қазақтық болмысымызды бұзуға айналған діншілдерге түбегейлі қарсымын. Оған Тәңірдің (Алланың) еш қатысы жоқ. Саясат араласқан дүбара діннің болмысын ашып Қазақтың өз Танымын қайтару мақсатындамын. Осы жолда пікір алмасу, ашығын айту, дәлелмен алмасу күнә емес деп білем! Сіздің пікіріңізге рахмет! Әр Қазақ жалғызымыз. Әр қазаққа доспыз. БасынАш*- деп айтқанды "басмач" деп қырып тастеған орыстар сияқты, АрабҚұлдар қарғап- сілемей, "о дүниемен" қорқытпай, терроризмге шақырмай ашығын неге айтпайды? Олардың мақсаты не? Идеяльный Қоғам қағидаттары қалыптасып көрмеген діні Қазаққа не береді? Сіз ашығын айтыңыз? Біз дұшпан емеспіз!).