Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

25-ші Қара пайым-сөз: Дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ, бәрі де күл-талқан болып, артынан қайта құралады

Күліпхан, Айнабай, Берік бауырларым және Айгүл қарындасым. Алланың аты аталса жақтырмай жиырылып қалатын адамдар бар екенінен хабардар едім. Бірақ бетпе-бет келмеппін. Астағфируллаһ, бірақ бұл дүниеде сіздердей Алланы жан-тәнімен жек көретін адамдар бар деп ойламаған екенмін. Қазақта мұндайды «әкесін ұрғанды талай көрген едім, бірақ столбыға байлап қойып ұрғанды бірінші рет көруім» деп айтады емес пе?! Әрине, іні-қарындастарымсыңдар, қанымыз да, жанымыз да бір, бәріміз бір қазақпыз. Бірақ сіздер ренжиді екен деп, тек жақсылығын көріп, ешбір жаманшылығын көрмеген Алланы сіздердің табандарыңыздың астына салып бере алмаймын. Өйткені менің де өз пікірім бар қазақпын. Мен сіздер айтып отырған сөздерді айтпақ түгілі, мына 60-қа тақаған жасымда ондай ойдың ұштығын да миыма кіргізбеген екенмін. Қарап отырсам «Алла деген сөз жеңіл» деп айтқан Абай да, «Аллаһым деп оқылық, оқығанда көңілге, ықыласпен тоқылық» деген Ыбырай атамыз да ақымақ болып жайына қалыпты. Ағузу-бисмиллаһ, жын-шайтанның жетегіне еріп, біраз жерге барып қалыпсыздар бауырларым. Қасиетті Құранда «Кафирун» деген сүре бар. Ұрпақтар азып-тозып осылай болатынын алдын ала білген Алла сол сүреде «Сенің дінің өзіңе, менің дінім өзіме» деп әрбір мұсылманға айтқызып отырады. Жеке пікірлерің бар қазақ екендіктеріңді қатты сыйлаймын, бірақ бұл қабілеттеріңді елге-халыққа пайда әкелетін іске жұмсағандарың жақсы еді. Бірақ әлі де кеш емес, жандарың жүректеріңе тығылып, лүпілдеп «ертең не боламыз» деп қояндай дірілдеп тұр. Егер терең ойланып ИМАН келтіріп, исламға қайта кірсеңдер – Алла алдарыңнан жарылқайды. Өйткені Алла біреудің айтуымен емес, өз санасымен Исламға келгендерді қатты құрметтейді. Дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ бауырларым және қарындастарым, бәрі де өзгереді, бұл да өзгереді...