Құранды оқысам түкке түсінбеймін – деген сөздерді жай халықты былай қойғанда, ауызы дуалы деген шешен адамдардың да ауызынан естіген кездерім болды. Ойбай-ау, Құранды қайтіп түсінесіз, егер Құранды оқудың алдына дәрет алмасаңыз, ғұсыл жасамасаңыз. Құран сізге сөрелерде тұрған қажеті бар не жоқ көп кітаптардың біреуі емес екенін түсініп алыңыз. Өз басым Құранды оқып-түсіну үшін сонау 1992 жылдары конспекті жасаудан бастаған едім. Ол қолжазбам әлі жеке мұрағатымда тұр. Құран өзінің құпиясын кез келген адамға жайып салмайды. Ол адамын таңдайды. Егер сенің бірнәрсеге тұрарлық сабыры бар адам екеніңді білсе, бірте-бірте көкірек көзіңді аша бастайды. Әуелі жүрек тұсыңда «шырт» етіп кішкене тесік ашылғандай болады да, ол Құранды оқыған сайын үлкейе береді. Сенің де ой-өрісің 180 градусқа өзгере бастайды. Біраз уақыт өткен соң, мына өмірге көзқарасың өзгергенін түсіне бастайсың. Жұрттың бәрі «аппақ періштедей» деген нәрсенің «қап-қара құбыжық» екенін, керісінше «қара» деп қарғап жатқан нәрсеміздің «аппақ» нәрсе екенін сезесің. Бірақ үндемейсің, себебі пікіріңді айтсаң, халық сені таптап тастайды. Құран арқылы ақ пен қараның, адал мен арамның ара жігін толық ажырататын халге жеткенде – Құран сені тастап кетеді. Сен сол күннен бастап Құранды конспектілей алмайсың. Әр адамның шегі болады, сен сол шекке жетесің, мен де сол шекке шамамен 1995 жылдары жетіп, қаражат жағынан соншама табысты болып тұрса да өз еркіммен «ИМАН» газетінің бас редакторлығын тастап, онымен қоймай Рәтбек қажыға қарсы шығып, басым дауға қалған еді. Бірақ оған титтей де ренжімеймін, өйткені мен «ақ» пен «қараның» ара жігін ажыратқан едім. Біреу оны түсінеді, біреу оны түсінбейді, сол үшін Құранды дұрыстап оқыңыздар...