Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

22-ші Қара пайым-сөз: Қазақтың қыртпа сөздері

Осыдан біраз уақыт бұрын, WhatsApp-тан бір қазақ жігіттің машина рөлінде келе жатып «Осы наймандар сендерге не жамандық жасады, ааа?. Кеше бір анекдотта: «Анау оңбаған ақшаға құныққан гаишник найман қызға үйленіпті, солайша Құдай оның жазасын беріпті – дегенін оқыдым. Егер сондай күшті болсаңдар, анау шапыраштылар туралы неге солай айтпайсыңдар» деп кәдімгідей қалың қазаққа қатты сөздер айтқаны есімде қалып қойды. Бауырым, аты-жөніңді білмеймін, бірақ сен ренжіп, бүкіл қазаққа топырақ шашпа. Қазақтың қайсы руы болса да – киелі. Кие ұрған жаман болады, оны қазақтың «Алла қарғаған – кешіріледі, ал аруақ қарғаған – кешірілмейді» деген сөзі дәлелдейді. Қызметте бірге жұмыс жасайтын бір қызды жігіттер «наймансың» деп қалжыңдап ренжіткенде, әлгі қызым «Бәрін бүлдіретін анау қаны бұзық «Садырлар», зардабын шегетін бүкіл қалған наймандар» деп жыламсырағанын естіген едім. Мимино киносындағы анау армян айтпақшы: «екеуің де ренжімеңдер, бірақ сендер білмейтін бір ақылды сөз айтайын». Қазақта «қыртпа сөз» деген ұғым бар. Қазақ халқы жалпы әзілқой, көңілді халық, сондықтан көбінесе «қыртып, қайямды жей береді». Егер қазақтың әрбір қыртпа сөзін көңілдеріңе ала берсеңдер, аурулы болып, өмірден мүлде баз кешіп, күллі қазаққа дұшпан болуларың мүмкін. Әрбір найман руының өкілі, мына еврей халқы сияқты (олар «еврейлер туралы анекдотты» өздері айтып, басқалардың анекдотынан өз кемшіліктерін көріп, содан сабақ алып отырады) әдісті қолданса, бәрі де дұрыс болады. Жұрт түсінбей қалмасын, мен найман емеспін, момын әрі жуас қоңырат деген руданмын. Жалпы бізді қоршаған адамдар, халық пен қоғам, біздің күнде алдында тұрып таранып, сипанатын айнамыз екенін ұмытпайық.