Біз білетін Қалдархан ағылшын тілін білмеуші еді ғой, мақалаларын АҚШ-тың «Academia.edu» веб-сайтына ағылшын тілінде (https://independent.academia.edu/KaldarhanKambar) қалай жариялап жүр? – деп таң қалып отырған шығарсыздар. Ия, мен ағылшын тілін білмеймін, бірақ есесіне Құдай қосқан қосағым Ардақ ағылшын тілінің маманы, екі дипломы бар (жалпы төрт дипломы бар, оның екеуі қызыл диплом). Менің қазақ тіліндегі «Қазақтың Ұлттық күнтізбесі» атты кітабымды оқып шыққан соң: «Қалеке, мен жазбаларыңды ағылшын тіліне аударып берейін» деп бастама көтеріп, бәрі содан басталып кетті. Осы Алматыға менің шақыруыммен келген Питер Мейер деген «Англия-Австралияның еврей физик-информатик-астроном ғұламасымен» Ардақ қатыным сыпылдап отырып ағылшынша аузы-аузына жұқпай сөйлескенде, алғашқыда «Құдай-ау, мен өзі қандай қатын алғанмын» деп есеңгіреп қалған жайым бар. Сұмдық білімі бар болса да, бала туудан қолы босамай жатқан Ардашым «Қалеке сіз аман болыңыз, мен әншейін салпы етек қатынмын ғой» деп жымиып отыра береді. Алланың мұнысына да мың шүкіршілік...
Қайдағы-жайдағы нәрселерді төпелеп жазғандарыма қарап, курстастарым мен туыстарым «мына Қалдарханға не болған, «тәжі-дерт» жұқтырып алған жоқ па өзі» деп таң қалып отырған шығарсыңдар. Бәрі де жақсы, денім сау, жай әншейін, наурыз айынан бері үйде «онлайн» жұмыс жасап жалығып кеттім. Таяуда жұмысқа толық қайта шыққан соң, тағы да сол үнсіздік ойыны басталады ғой. Осындай қол боста, ішімді босатып, ойымда жүрген жайларды жазып тастағым келді. Бар болғаны сол...