Биыл Алматыда «шілде түскенін» сезіне алмай жүрмін. Әрине ауа райы салқын болғаны елге жақсы ғой. Бірақ жылдың әр мезгілі өз кезегімен, жазда – ыстығымен, қыста – суығымен өткені дұрыс. Мынау дүрбелең дүниемен бірге, ауа райы да, адамдардың пейілі де тез өзгеріп барады, Алла ақырын жақсы қылсын әйтеуір...
Негізінде менің «Қазақтың ұлттық күнтізбесін» зерттеуіме әкем Әлісейіт пен анам Апажан себепші болды. Әкем Ай мен Үркердің тоғысуын (Тоғыс есебі) ай сайын алдын ала есептеп шығарып отыратын. Анам Апажан математик болған соң, әкеме жаны ашып, оның есебін жеңілдету үшін Тоғыс есебінің арнайы алгоритм кестесін жасап берген еді. Соларды көріп өскен соң, оның үстіне Ай мен Үркердің тоғысуы өте қызықты болатындықтан, бірте-бірте мен де осы зерттеуге атсалысып кеткенімді байқамай қалдым. 2003 жылы қақаған қаңтар айында кенеттен ауырған әкем қайтыс болатынын сезіп, мені жұмыстан шақыртып алып: «Балам, бұл өмірдегі менің дәм-тұзым таусылды, анау қазақтың «Тоғыс есебін» жаңашалап жасап, халыққа қайтарып бер» деп өсиетін айтып кетті. Әкемнің аманатын орындау үшін сонау 1985 жылдан басталған бұл зерттеулерімді Питер Мейер атты Австралия ғұламасының көмегімен 2018-2019 жылы аяқтадым: Kazakh Nomad Calendar (https://www.hermetic.ch/knc/knc.htm). Бірақ әзірге соншама қиындықпен дүниеге келген бұл еңбекті халық қажетсінсе де, ақшаға құнығып кеткен Үкімет пен мемлекет қажет қылар емес. Бірақ түбінде әкем айтқан әділеттілік орнайтынына сенімдімін...