Адам тағдыры туылғанда пешенесіне жазылып шығатыны рас екен. Өмірдің жал-жал толқыны әрі лақтырып, бері лақтырып, 60-қа жақындағанда 4 перзентті болдым. Олардың естері кірген кезден бастап әуелі оларды Ұлы Жаратушы бір Алланы тануға, білуге және одан қорқуға, адамшыл, мейірімді, қайырымды болуға тәрбиелей бастадым. Біреулер «Ей, ақымақ, ешекбас, сен баларыңныың сорына сиіп, тағдырына тышып жатсың, оларды мына зұлым өмірде – тартып алуға, жұлып жеуге тәрбиеле» деп ақыл айтты. Мен үндемедім. Себебі, егер бәріміз жаппай перзенттерімізді солай тәрбиелесек, бұл әлемнен қазақ ұлты жойылып кетері хақ. Өйткені ресурстар шектеулі, бәріне түгел жетпейді. Биыл 10 жасар балам Әбілқайыр Рамазан айының 1-ші күнінен бастап, тек ораза тұтып қана қоймай, менімен бірге таңғы 3-4-те таң намазын, кешкі 8-9-да ақшам намазын оқи бастады. Үш күн өткен соң «Балам болды, осымен доғар, Алла риза болсын, өмірің әлі алдыңда, қалғанын үлкейгенде тұтарсың» дедім. Ол «жоқ әке, мен соңына дейін тұтамын» деді. Ұрыспақшы болып жалт қарасам, ұлымның көзінде «жарқылдаған от» жанып тұр екен. Үндемедім. Он күн өткен соң осы айтқанымды тағы қайталадым. Себебі балам қудай болып азып кетті. Ол тағы да келіспеді, сөйтіп 30 күн бойы менімен бірге ораза тұтып, ғибадатын жасады. Қадір түнінде ұлым екеуіміз таң атқанша ұйықтамай «Ия, Аллам, мына індетті елімізден тезірек кетіре гөр, халқымызды аман қыла гөр» деп Аллаға жалбарынып ғибадат жасадық, екі рәкаат нәпіл намаздарын оқумен болдық. Таң атты. Қарасам он жасар баламның көзі жұмылып, құйтақандай екі алақанын жайып, тілек тілеп отыр екен. Көзіме ыстық жас келді. Ол тілегін тілеп болған соң, мен шын көңіліммен көзімнен ыстық жас парлап, осы Әбілқайыр балама арнайы дұға жасап, Алладан тілек тіледім. Қалған үш күн бойы осылай жасадым. Ұлымның ғұмыры ұзақ болғай. Өскенде елінің иманды азаматы болары сөзсіз. Ұлым Әбілқайыр, заман тарылса «тартып алуға», күші жетсе «жұлып жеуге» қарай кетіп бара жатқан қауіпті қоғамымызға, тым болмаса тұяқ серпер жақсылық әкелер деген үміттемін. Оу, ағайын, бір сәт тоқтап, ентігіңді басып, «осы мен не істеп жүрмін» деп ойлансаңдаршы. Қайда бара жатырмыз, қайда барып тоқтамақшымыз...
7-ші Қара пайым-сөз: Иманы берік ел күшті, Алла деген сөз жеңіл
18 июля 202018 июл 2020
1
1 мин